Димаш Құдайбергеннің испаниялық жанкүйерлері қайырымдылыққа 3 мың еуро бөлді

Биыл жанкүйерлер өнерпаздың Испанияға келуіне орай ерекше сый жасауды ұйғарып, көмекке мұқтаж жандарға қаржылай қолдау көрсетуді жөн көрген.

Димаш Құдайбергеннің Мадридтегі концерті қарсаңында жанкүйерлері 3 000 еуроны қайырымдылыққа аударды, - деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты. Бұл туралы dimashnews сайты жариялады. 

30 қазанда Мадридте өтетін Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы концерті қарсаңында өнерпаздың испаниялық жанкүйерлері қайырымдылық бастамасын жүзеге асырды. Димаштың Испаниядағы ресми фан-клубының атынан қызмет ететін La Gran Voz Kazaja қауымдастығы есту және көру қабілеті қатар бұзылған жандарға көмек көрсететін APASCIDE ұйымының Santa Ángela de la Cruz орталығына қолдау көрсету мақсатында 3 000 еуро бөлген.

Фан-клуб өкілдерінің айтуынша, қайырымдылық шарасын ұйымдастыруға Димаштың игі істері мен өзгелерге қолдау көрсетудің маңыздылығын үнемі дәріптеп жүрген өнегесі үлгі болған.  Олар Santa Ángela de la Cruz орталығына арнайы барып, мекеме қызметкерлерімен және қамқорлығындағы жандармен кездесіп, орталықтың жұмысымен танысып, есту және көру қабілетінен қатар айырылғандарға күнделікті көрсетілетін күтімімен танысты. 

— Димаштың игі істерінен үлгі алып, оның ізгі бастамаларын жалғастыру мақсатында көмекке аса мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді ұйғардық. Ең құнды сыйлық — өзгелерге жақсылық жасау мүмкіндігі деген сенімімізді Димаш та қолдайтынына кәміл сенеміз, — деп атап өтті фан-клуб өкілдері.

Орталықтың қамқорлығындағы жандар да Димаш Құдайберген мен оның жанкүйерлеріне арнап ым тілі арқылы алғыс білдірді.