Алматыда дәрігерлер асқазан ойық жарасының тесілуі және перитонитке шалдыққан жас жігітті аман алып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, пациент бірнеше ай бойы күніне үш-төрт құты энергетикалық сусын ішіп келген.
Ер адам Орталық қалалық клиникалық ауруханаға ішінің кенеттен қатты ауырсынуымен жеткізілді. Тексеру барысында оның асқазан тесілуі, яғни ағзаның қабырғасында тесік пайда болған. Бұл асқыну перитонитке, яғни құрсақ қуысының қабынуына әкеп соқтырған. Хирургтер пациентке шұғыл түрде ота жасаған. Сөйтіп, дәрігерлер асқазан қабырғасындағы тесікті тікті және құрсақ қуысын тазалады
Аурухана хирургі Ілияс Сағиевтің түсіндіруінше, асқазан тесілгенде оның ішіндегі заттар құрсақ қуысына түсіп, қабыну тудырады. Мұндай жағдай шұғыл медициналық көмекті қажет етеді.
Емдеуден кейін ер адамның жағдайы жақсарып, хирургтің бақылауында болу шартымен үйіне шығарылды. Пациенттің айтуынша, ол бірнеше ай бойы күн сайын 3-4 құты энергетикалық сусын тұтынып келген.
Дәрігер энергетикалық сусынды шамадан тыс тұтыну асқазан-ішек жолдарында жайсыздық тудырып, қыжыл мен жүрек айнуын күшейтуі мүмкін екенін ескертеді. Асқазан аурулары, соның ішінде ойық жарасы бар адамдар тамақтану рационына ерекше мұқият болуы керек.
"Пациентте асқазанның тесілуіне дәл осы энергетикалық сусындар себеп болды деп кесіп айтуға болмайды. Дегенмен оларды көп мөлшерде тұтынуға, әсіресе асқазан аурулары болған жағдайда кеңес берілмейді", – деді Ілияс Сағиев.