Ақмола облысында 345 балаға заңсыз қызмет көрсеткен стоматология жауапқа тартылды.
Ақмола облысының Степногор қаласында тиісті маман сертификатынсыз балаларға стоматологиялық қызмет көрсету фактілері анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін мемлекетке 2,5 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, Viamedis ЖШС филиалында жұмыс істейтін тіс дәрігері медициналық қызмет көрсетуге құқық беретін тиісті маман сертификатынсыз балалардың тісін емдеген. Тексеру барысында сол дәрігердің 345 кәмелетке толмаған пациентке медициналық қызмет көрсеткені анықталды. Бұл қызметтердің ақысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен төленген екен.
– Негізсіз төленген медициналық қызметтердің жалпы сомасы 2 569 792 теңгеге жеткен. Балаларға қажетті рұқсат құжаттарынсыз медициналық көмек көрсету олардың денсаулығына қауіп төндіріп, сапалы әрі білікті медициналық көмек алу құқықтарын бұзған, – делінген Ақмола облысының прокуратура хабарламасында.