Republic Day және Bereke Fest акциялары ертең аяқталады

Еліміздің барлық өңірін қамтыған ауқымды акцияларға сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен сауда желілері, сондай-ақ маркетплейстер қатысып жатыр. Тауарлардың жекелеген санаттарына 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған.

Бүгін Республика күніне орай ұйымдастырылған Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары аяқталады. Тұтынушылардың тауарларды арнайы бағамен сатып алып, сауда орындарының мерекелік ұсыныстарын пайдаланып үлгеруіне бір күн қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Акцияларға 649 сауда нысаны қосылды. Оның ішінде Republic Day аясында 232 сауда-ойын-сауық орталығы, сауда орталығы мен сауда үйі және 417 сауда желісі қатысып жатыр.

Republic Day акциясы аясында сатып алушыларға киім-кешек, аяқкиім, тұрмыстық техника, үйге қажетті заттар және басқа да тауарлар арнайы бағамен ұсынылуда. Ал Bereke Fest акциясы азық-түлік, күнделікті тұтыну тауарлары мен тұрмыстық химия өнімдерін тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және аумақтық департаменттермен бірлесіп, акцияларды ұйымдастырып,  сауда кәсіпорындарын тарту бойынша үйлестіру жұмысын жүргізді.

Еске саламыз, 27 қазан – Republic Day және Bereke Fest акцияларының соңғы күні.  Ал жеңілдіктер мөлшері, акцияға қатысатын тауарлардың ассортименті және оларды сатып алу шарттары сауда нысанына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.