Елімізде дәрі-дәрмек бағасы арзандап жатыр

Қазақстанда күн сайын 750 мыңнан 960 мыңға дейін дәрі-дәрмек қаптамасы сатылады.

Қазақстанда 1,2 млрд-қа жуық дәрі-дәрмек қаптамасы таңбаланып, оның жартысы сатылған. Таңбалау жүйесі дәрілік заттардың айналымын бақылауға және дәріханалардағы баға өзгерістерін қадағалауға мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов мәлімдеді.

Оның айтуынша, таңбалау жүйесі отандық және импорттық дәрілік заттардың өндіріс көлемін қадағалауға, сондай-ақ олардың сатылымына талдау жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазір елімізде күн сайын 750 мыңнан 960 мыңға дейін дәрі-дәрмек қаптамасы сатылады. Дәріханалардағы сатылымның ең төменгі көрсеткіші жексенбі күндері тіркелген. 

– Жүйе препараттардың өңірлердегі қалдықтарын бақылауға мүмкіндік береді: қай дәріханада, қай өңірде, қай елді мекенде тапшылық немесе артық қор бар екенін анықтауға болады. Платформаның өзі ауытқуларды анықтап, талаптардың бұзылу жағдайларын көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Әсет Нүсіпов.

Министрлік дәрі-дәрмектердің бағасын бақылау үшін де аталған жүйені пайдаланып отыр. 

Оның айтуынша, былтыр дәріханаларда «Ибупрофен» дәрілік затының орташа бағасы 1460 теңге болса, биыл қазан айында оның бағасы  – 941 теңгеге дейін түскен. Осылайша, аталған препараттың орташа бағасы 519 теңгеге немесе шамамен 35,5%-ға төмендеген.