Ғалымдар ұйқы мен аштық сезімін реттейтін гормондардың арасында байланыс бар екенін анықтаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Чикаго университетінің ғалымдары жүргізген зерттеуге 12 дені сау жас жігіт қатысқан. Зерттеу нәтижесінде ұйқы уақыты қысқарған кезде олардың ағзасындағы аштық сезімін күшейтетін грелин гормонының мөлшері 28 пайызға артқан. Ал тоқтық сезіміне жауап беретін лептин гормоны 18 пайызға төмендеген. Соның әсерінен қатысушылардың аштық сезімі 24 пайызға, тәбеті 23 пайызға күшейген.
Ғалымдардың мәліметінше, ұйқысы қанбаған адамдар әсіресе көмірсуы көп, жоғары калориялы тағамдарға құмар болуы мүмкін. Бұл ағзадағы гормондық өзгерістермен байланысты. Адам жеткілікті ұйықтамаған кезде миға тоқтық туралы белгі беретін жүйенің жұмысы өзгеріп, тамақтануға деген қажеттілік күшеюі ықтимал.
Кейін жүргізілген тағы бір зерттеуде де осыған ұқсас нәтиже алынған. Оған қатысқан 19 ер адамның ұйқысы шектелген кезде грелин деңгейі жоғарылаған. Сонымен қатар олар қалыпты ұйықтаған кезеңмен салыстырғанда тіскебасар тағамдардан орта есеппен 328 килокалорияға артық энергия қабылдаған.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы да ұйқының жеткіліксіздігін артық салмақ жинауға ықпал ететін факторлардың бірі ретінде қарастырады. Мамандардың түсіндіруінше, дене салмағына тамақтану тәртібі мен қозғалыс белсенділігі ғана емес, ұйқының ұзақтығы мен сапасы да әсер етеді.
Дегенмен ұйқысы қанбаған адамның міндетті түрде артық салмақ қосатынын білдірмейді. Ғылыми зерттеулер ұйқы тапшылығы тәбетті күшейтіп, тағамды шамадан тыс тұтыну ықтималдығын арттыруы мүмкін екенін көрсетеді.