Қазақстан мен Қытай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды реттеу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Уағдаластыққа Орталықтың бас директоры Дәурен Диханбаевтың 2026 жылғы қазанда Қытайға жасаған жұмыс сапары барысында қол жеткізілді.

Қазақстанның Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы мен ҚХР Медициналық өнімдер жөніндегі ұлттық басқармасы (NMPA) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға уағдаласты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Уағдаластыққа Орталықтың бас директоры Дәурен Диханбаевтың 2026 жылғы қазанда Қытайға жасаған жұмыс сапары барысында қол жеткізілді.

NMPA Ғылым, технологиялар және халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Ван Сянъюймен (Wang Xiangyu) өткен екіжақты кездесуде реттеу жүйелерін дамыту және кәсіби тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Тараптар реттеушілік талаптарды ICH халықаралық стандарттарымен үйлестіруге, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық бенчмаркингіне, сондай-ақ Қазақстанның Фармацевтикалық инспекциялар ынтымақтастығы жүйесіне (PIC/S) қосылу перспективаларына ерекше назар аударды.

Қатысушылар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды реттеу саласындағы ортақ жұмыс бағыттарын және өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктерін атап өтті. Жоспарланған меморандум одан әрі ынтымақтастықты дамытуға және реттеу тәжірибесімен алмасуға негіз болады.

Сапар аясында Дәурен Диханбаев Бейжің медициналық өнімдер жөніндегі басқармасы (Beijing MPA) партиялық басшылық тобының мүшесі әрі басшысының орынбасары Фэнцзюань Чанмен (Fengjuan Chang) де кездесті.

Қытай тарапы медициналық бұйымдарды реттеу жүйесінің ерекшеліктерін, соның ішінде ұлттық және өңірлік деңгейлер арасындағы өкілеттіктердің бөлінуін таныстырды. Қатысушылар II сыныптағы медициналық бұйымдарды тіркеу, олардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, сондай-ақ өнім нарыққа шығарылғаннан кейін оны қадағалау мәселелерін жан-жақты қарастырды.

NMPA және Beijing MPA өкілдерімен өткен кездесулер тәжірибе алмасуға және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды реттеу саласындағы одан әрі кәсіби өзара іс-қимыл бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.