Степногорда балаларды емдеген стоматологтің тиісті сертификаты болмаған: мемлекетке 2,5 миллион теңге қайтарылды

Ақмола облысының Степногор қаласында балаларға стоматологиялық қызмет көрсеткен дәрігердің тиісті сертификаты болмағаны анықталды.

Соған қарамастан, ол 345 кәмелетке толмаған науқасты қабылдап, көрсетілген қызметтер үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен 2,5 миллион теңгеден астам қаражат алған. Прокуратура араласқаннан кейін ақша мемлекетке толық қайтарылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, тексеру барысында Viamedis серіктестігі филиалында жұмыс істейтін стоматологтің балаларға медициналық көмек көрсетуге құқық беретін тиісті маман сертификаты болмай шықты. Алайда бұл талаптың сақталмағанына қарамастан, дәрігер 345 кәмелетке толмаған балаға стоматологиялық қызмет көрсеткен. Ал көрсетілген қызметтердің ақысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен төленген. Негізсіз аударылған қаражаттың жалпы сомасы 2 569 792 теңгені құрады.

Прокуратураның араласуынан кейін анықталған заңбұзушылықтарды жою шаралары қабылданып, қаражат мемлекет кірісіне толық көлемде қайтарылды.

Балалардың денсаулығына қатысты мұндай мәселелер қоғам назарын аудармай қоймайды. Себебі кәмелетке толмағандарға медициналық көмек көрсету кезінде маманның тиісті біліктілігі мен рұқсатының болуы аса маңызды. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы