Астанадағы «Бағыстан-4» тұрғын үй кешенінде кәмелетке толмаған қызға қатысты болған оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған. Тұрғындардың бірі Threads желісінде жазба жариялап, бейнебақылау камерасына түсіп қалған күдікті адамның суреттерін бөліскен.
Осы жағдайдан кейін тұрғын үй кешеніндегі қауіпсіздік мәселесі көтерілді. Тұрғындардың айтуынша, кешен 2025 жылдан бері ресми түрде пайдалануға берілмеген. Бейнебақылау камералары тек кіреберіс маңына орнатылғандықтан, аула мен автотұрақ аумағын толық бақылау мүмкін емес. Олар бұл жағдай бөгде адамдардың тұрғын үй аумағына кедергісіз кіруіне мүмкіндік беретінін айтып, алаңдаушылық білдірген.
Полиция аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 121-1-бабымен қылмыстық іс қозғаған. Құқық қорғау органдары тергеу жүріп жатқандықтан, істің өзге мән-жайлары жарияланбайтынын мәлімдеді.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тұрғындар күдіктінің жеке басын анықтап, кінәсі дәлелденген жағдайда заң аясында жауапқа тартуды талап етуде.