Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінде Өңірлік даму және өзін-өзі басқару комитетінің Әлеуметтік жауапкершілік мәселелері жөніндегі комиссиясының алғашқы отырысы өтті. Жиынның негізгі тақырыбы – Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы болды. Отырысқа Комитет төрағасы Табиғат Зейнұлқабден және бейінді комиссияның жетекшісі Қазыбек Дауталиев қатысты.
Жұмыс орнындағы кәсіптік тәуекелдердің алдын алу және оларды болдырмау мәселесінің маңыздылығына тоқталған Төлеген Күнәділов бірнеше мердігер жұмыс істейтін құрылыс нысандарындағы еңбек қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілікті нақты ажыратуды ұсынды. Бұл жөнінде сала сарапшылары да өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Компаниялардың міндеттері нақты белгіленбеуіне байланысты қызметкерлердің қауіпсіздігіне нұқсан келмеуі керектігіне ерекше тоқталды.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы тапсырмаларын орындау шеңберінде Айгерім Серікжанова волонтерлік қозғалысты цифрландыру бойынша ұсыныс жасады. Атап айтқанда, «Жасыл ел» бағдарламасын жаңғыртып, оны жыл бойы жүзеге асырылатын форматқа көшіру мәселесі көтерілді. Халық Кеңесі мүшелерінің пікірінше, бұл бастамалардың қоғам үшін маңыздылығы - бір реттік экологиялық акциялар деңгейінен жыл бойы жүзеге асырылатын жастардың жүйелі әрі ашық қоғамдық қызметіне көшуінде. Нәтижесінде, әрбір қазақстандық елді абаттандыруға және экологиялық мәдениетті дамытуға қосқан үлесін көре алады.
Отырыс қатысушылары әлеуметтік және инклюзивті бастамаларды қорғауға, инфрақұрылымды дамытуға және отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған жобаларға да тоқталып өтті.
Күн тәртібі аясында Бекмұрат Жүсіпов пен Сәуле Қисықова өз бастамаларын ұсынып, негізгі бағыттар бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Олардың қатарында мектеп медицинасын жетілдіру және балалардың тамақтануын ұйымдастыру жөніндегі кешенді шаралар бар.
Негізгі міндеттердің қатарында аурулар анықталғаннан кейін балалардың толыққанды ем алуын қамтамасыз ету, мектептегі ыстық тамақтың сапасын арттыру, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты қысқарту, сондай-ақ ата-аналардың бақылауын күшейту мәселелері қамтылды. Осы мақсатта мемлекеттік органдармен бірлесіп қазіргі жағдайға аудит жүргізу және жыл сайын ашық есеп беруді көздейтін ведомствоаралық іс-қимыл жоспарын бекіту жоспарланып отыр.
Ұсынылған шараларды іске асыру медициналық тексерулер мен тамақпен қамту көрсеткіштері туралы формалды есептерден нақты нәтижелерді бағалауға көшуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Атап айтқанда, әрбір баланың денсаулығына, медициналық көмектің қолжетімділігіне және мектептердегі тамақ сапасына басымдық беріледі.
Сонымен қатар комиссия мүшелері егде жастағы адамдарға ұзақ мерзімді күтім көрсетудің бірыңғай жүйесін енгізуді және Германия мен Жапония тәжірибесі негізінде гериатриялық қызметті дамытуды қолдады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсіл шұғыл медициналық көмек жүйесіне түсетін жоғары жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды тақырып – психикалық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту. Осы бағытта психологиялық көмекті дамыту, мектептерде мазасыздық пен депрессияны ерте анықтау қызметтерін кеңейту, сондай-ақ медициналық білімі жоқ психологтардың қызметін нормативтік тұрғыдан реттеу ұсынылды.
Отырысты қорытындылаған Қазыбек Дауталиев барлық ұсыныс комитеттердің алдағы жұмысына енгізіліп, жобаларды бірлесіп іске асыру үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жолданатынын атап өтті.