Жеті жыл ішінде қанша отбасының мәселесі шешілді?

Елімізде отбасы институтын нығайту мақсатында соңғы 7 жыл ішінде 160 отбасын қолдау орталығы ашылды. Жыл басынан бері орталықтарға 50 мыңнан астам өтініш түскен. 43 мыңнан астам отбасы кешенді кеңес алса, тағы 6 мыңға жуық отбасы ұзақ уақыт мамандардың тұрақты бақылауында болып, әлеуметтік сүйемелдеу алған.

Отбасы институтын нығайту – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша назарындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы ретте еліміздің жаңа Конституциясын негізге ала отырып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғап қана қоймай, отбасын қолдау мәселесі жолға қойылды. Әсіресе, 2019-2026 жылдар аралығында қанша отбасына қолдау көрсетілді, қанша әйел мен баланың құқығы қорғалып, көмек етілгені білуге тырыстық.

 Алғашқы орталықтар 2019 жылы отбасылық соттар жанында пилоттық жоба ретінде ашылған. Кейін жергілікті әкімдіктер жанынан құрылып, бүгінде барлық өңірде ашылған.

Негізі орталықтар жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша аудандарда және қалаларда жергілікті атқарушы органдардың жанынан халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері бойынша құрылады немесе ұйымдастырылады.

Орталықтар негізінен мына мәселелерді шешеді:

  • Отбасылық жанжалдар: ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілік, ажырасудың алдын алу.
  • Балаларды қорғау: бала тәрбиесі, ата-ана міндеттері мен балалардың қауіпсіздігі.
  • Тұрмыстық зорлық-зомбылық: психологиялық және құқықтық көмек, қажет болғанда уақытша баспана.
  • Әлеуметтік қиындықтар: қиын өмірлік жағдайды бағалау, тиісті мемлекеттік қызметтерге бағыттау.
  • Жұмысқа орналасу: кей өңірлерде жұмыс табуға және біліктілікті арттыруға жәрдемдесу.

Бір сөзбен айтқанда, отбасы қолдау орталықтары қиын жағдайға тап болған азаматтарға психологиялық және заңгерлік көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда медициналық көмек пен уақытша баспана да қарастырады. Бүгінде отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелер бойынша тәулік бойы 111 байланыс орталығы жұмыс істеп тұр.

Оның үстіне, отбасыларды баспанамен қамтуға да ден қойылды. Соңғы жеті жылда 118 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Жаңа үйлер мегаполистерде ғана емес, облыс орталықтары мен шағын қалаларда да бой көтерді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, қыркүйекке дейінгі жағдай бойынша Отбасын қолдау орталықтарына 50 мыңнан астам азамат жүгінген.

«Орталықтар отбасыларға кешенді көмек көрсетіп қана қоймай, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетеді. Отбасыларға көрсетілетін атаулы көмекті күшейту мақсатында Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы жаңғыртылды. Алдағы уақытта олардың санын 208-ге жеткізіп, Қазақстанның әрбір ауданы мен қаласында ашу жоспарланып отыр», – делінген министрлік ақпаратында.

Елдегі Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы жаңа форматқа көшетіні жайлы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында талқыланған болатын. Енді көмек тек азаматтар жүгінгеннен кейін емес, мәселе туындамай тұрып көрсетілуі мүмкін.

Жиын Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары  Аида Балаеваның орталықтар «қағаз жүзіндегі мекеме» емес, халыққа нақты көмек беретін орынға айналуы керек. Бұған қол жеткізу үшін «Цифрлық отбасы картасының» әлеуетін пайдалану, Орталықтардың штаттық құрамын күшейту, онлайн кеңес беру, қызметтің тиімділігін арттыру үшін заманауи тәсілдерді енгізу қажет екенін қозғаған болатын.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ата-аналар академиясы» жобасы жалғасып келеді. Оның мақсаты – отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты білімі мен дағдысын арттыру және жауапты тәрбие мәдениетін қалыптастыру. 2026 жылы жоба аясында еліміз бойынша 40 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған. Олардың қатарында ата-аналар, педагогтер және әлеуметтік сала мамандары бар.

Мемлекеттік отбасы саясаты аясында еңбек пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүруге қолайлы жағдай жасау шаралары да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрлігі БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорымен бірлесіп, «Отбасына қолайлы жұмыс орны» жобасын жүзеге асырып келеді. Бастама қызметкерлердің отбасылық жағдайы мен міндеттері ескерілетін корпоративтік мәдениетті дамытуға және жұмыс істейтін ата-аналарды қолдауға бағытталған. 

2026 жылы мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің өкілдеріне арналған оқыту бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама ұйымдарда отбасылық міндеттерді ескеретін жұмыс тәсілдерін енгізуді көздейді. Бұл шаралар отбасындағы бірлік пен қолдауды күшейтіп, оның қауіпсіздігі мен әл-ауқатына қамқорлық жасауда мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігін арттыруды көздейді.

Сонымен қатар Отбасы және неке институтын сақтау мен нығайту жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп, қабылданған болатын. Құжат ажырасудың алдын алуға, азаматтардың отбасылық өмірге саналы түрде дайындалуына және жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Осы мақсатта биыл Отбасы күні аясында еліміздің барлық өңірінде 12 мыңға жуық адамды қамтыған мыңнан астам іс-шара өткізілді. Отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты білімі мен дағдысын арттыруға, балалар мен жастардың денсаулығын нығайтуға бағытталған тақырыптық акциялар, семинарлар мен іс-шаралар ұйымдастырылды.