Астанада лицензиясыз микрокредит беріп, заңсыз жолмен 82,9 миллион теңге табыс тапқан кәсіпкер бір жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жария етті.
Сот мәліметінше, кәсіпкер 2021 жылғы маусымда Астанада «Smart Lombard» атты жылжымалы мүлікті кепілге қойып, қарыз беретін пункт ашқан. Алайда ол мұндай қызметті жүзеге асыруға қажетті лицензия алмаған.
Кәсіпкер қызметін заңды етіп көрсету үшін клиенттермен комиссиялық шарттар жасасқан. Іс жүзінде ол азаматтарға мүлкін кепілге қою арқылы қарыз беріп отырған. Қарыз сомасына күніне 0,2-0,8 пайыз аралығында үстеме есептелген. Ал төлем мерзімі өтіп кетсе, пайыздық мөлшерлеме екі есе арттырған.
Тергеу барысында оның банктік шоттарына жалпы сомасы 339 млн теңгеден астам қаражат түскені анықталған. Оның 82,9 млн теңгесі заңсыз табыс деп танылған.
Сот кәсіпкердің кінәсін мойындап, өкінгенін ескергенімен, заңсыз тапқан ақшасының өтелмегенін де назарға алған.
— Нәтижесінде кәсіпкердің мүлкін тәркілей отырып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Алайда 2026 жылғы 1 шілдедегі рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес, жаза мерзімі екі есе қысқартылып, бір жылға дейін азайтылған. Бұдан бөлек, сотталған азаматтың банктік шоттарындағы жалпы сомасы 3 293 117 теңге қаражаты тәркіленген. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.