Теміртаудан Қарағандыға қарай қатынайтын жолда Mazda көлігі жол апатына ұшырады. Рульде 18 жастағы бойжеткен болған, ол алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жол апаты 26 қазанда таңертең ерте болған. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбада көліктің жол жиегінде аударылып жатқанын көруге болады.
Қарағанды облысының Полиция департаменті аталған оқиғаның мән-жайын ашып айтып берді.
"26 қазанда сағат 06:33-те "Беркут" дәмханасы аумағындағы 15-ші магистральда, алдын ала мәліметтер бойынша, Mazda автокөлігінің 18 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, кюветке ұшып аударылған", – деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаменті.
Сондай-ақ полиция жол апаты салдарынан көлік жүргізушісі ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қайтыс болғанын нақтылады.