Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай жариялап, індетке қарсы күресті күшейту жөнінде берген тапсырмасы бойынша мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы қысылтаяң шақта еліміздің патриот азаматтары жомарттық танытып, халыққа көмектерін тигізуде. Солардың бірі – Түркістан облысының азаматы Сырым Ертаев. Белгілі кәсіпкер, «Қайып ата» ЖШС-нің директоры Елбасы Үндеуін қолдап, #Bizbirgemiz акциясы аясында өз қаражаты есебінен арнайы қорға 10 миллион теңге аударды. Nur Otan партиясының мүшесі, отаншыл азамат бұған дейін де бірнеше отбасыға үй салып беріп, қайырымдылығымен танылған болатын. «Тұтас Қазақстан ауыр індетке қарсы күресіп жатқан сәтте елге көмектесуді азаматтық, перзенттік парызым деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Үндеуінде кәсіпкерлерге маңызды ой тастады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз әрқайсысымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз», – деді. Ендеше әр азамат төтенше жағдайдағы ережені сақтап, ресми өкілдер мен дәрігерлердің ескертпелерін орындағаны жөн. Біз бірігіп, бұл қиындықты де жеңіп шығамыз», – дейді Сырым Ертаев. Естеріңізге сала кетейік, 20 наурызда басталған облыстық Nur Otan партиясы қолға алған #Bizbirgemiz акциясы жалғасуда. Айталық, акция аясында өңірдегі аудан, қалаларда 690 тұрғынға, яғни осынша отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Партияның «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары арқылы жалғызілікті қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар және әлеуметтік жағдайы өте төмен тұрғындарға қолдау көрсетілуде. Коронавирусқа қарсы күрес, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру мақсатындағы акцияға партия филиалдары, аудан, қала әкімдері, жасотандықтар, ерікті жастар және жомарт кәсіпкерлер мен мәслихат депутаттары белсенді атсалысып жатыр. Бастапқыда 1 300-дей отбасына көмек беру жоспарланған. Алайда тұрғындардың өтініштері бойынша бұл тізім 1 500-ге ұлғайып отыр. Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев: «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдауды күшейтуді тапсырды. Nur Otan партиясы акцияны негізгі үйлестіруші ретінде осы бағытта жұмысты жандандыра түсті. Ел азаматтары, кәсіпкерлер, депутаттар мен ерікті жастар тарапынан қолдау көрсетілуде. Мұндай қиын сәтте біз бірге болып, қолдан келгенше елге көмектесуіміз керек. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен өңірде бұл акция жоғары деңгейде өтіп жатыр», – дейді. Мерекелік демалыс күндері де жұмысты тоқтатпаған жастар мен еріктілер, партия өкілдері арнайы қоймада бас қосты. Олар демеушілерден, ел азаматтары тарапынан түскен қаржыға алынған азық-түлікті жүк көліктеріне артып, аудан, қалаларға жөнелтті.
Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы