Президент келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады

Ауқымды құрылыс аясындағы жобаларды мұқият іріктеу, сенімді компаниялармен жұмыс істеу және бастаманы жүзеге асырудың әр кезеңін жіті бақылау өте маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек.

Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастау қажет.

Сондай-ақ барлық аймақта шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар және ғылыми орталықтар бой көтеруі керек. Әрине, тұрғын үй салу да маңызды міндет болып қала береді.

Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Осы бастамалардың барлығы ел игілігі, әсіресе өскелең ұрпақтың қамы үшін қолға алынып отырғанын баса айтқым келеді.

Тағы бір маңызды міндет – мемлекеттік басқару ісінің сапасын толықтай жақсарту.

Инфрақұрылымды жаңғырту, жаппай цифрландыру және индустрия саласын дамыту үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Жеке инвестиция да тартылуда.

Осы орайда, мына мәселеге назар аударғым келеді. Ауқымды құрылыс аясындағы жобаларды мұқият іріктеу, сенімді компаниялармен жұмыс істеу және бастаманы жүзеге асырудың әр кезеңін жіті бақылау өте маңызды.

Мемлекеттік аппарат осы міндетті кәсіби тұрғыдан мүлтіксіз орындауға дайын болуы керек», – деді Президент.