Президент халықтың табысын ұлғайту үшін инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Бұдан бөлек, макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізген жөн. Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады.
Бірақ мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатына, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады.
Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет.
Қаржы нарығын реттеуші мекемелер де өз міндеттерін сапалы әрі тиімді орындауға тиіс.
Бүгінде Қазақстанның қаржы жүйесі айтарлықтай орнықты деңгейде. Оған дәлел: еліміздегі банктердің активі 75 триллион теңгеден асты.
Депозиттердің көлемі рекордтық көрсеткішке, нақты айтқанда, 52 триллион теңгеге жетті.
Салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақталған. Бұл ұлттық теңгенің құндылығы арта түскенін көрсетеді.
Ендігі маңызды міндет – жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға пайдалану.
Осыған орай, Ұлттық банкке баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, экономиканы дамытуға жол ашатын бастамаларды жүзеге асыруға да атсалысатын кез келді», – деді Президент.