Қазақстанның 21 қаласында ІІМ Ұлттық ұланының 7 мыңнан астам әскери қызметшісі патрульдік бекеттер мен бағыттарда қызмет атқара жүріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфирден тыңдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні енгізу және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру бағыттарын айқындады. Бұл басымдықтар мемлекеттік институттарды одан әрі дамытуға бағдар береді. Сонымен қатар қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетті тиімді ұйымдастыру, жеке құрамды даярлау және жұмыс үдерістерін жетілдіру мәселелеріне де қатысты.
Ұлттық ұлан үшін қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындаудың заманауи тәсілдерін дамыту маңызды. Цифрлық шешімдерді қолдану, әскери қызметшілердің даярлығын жетілдіру және кәсіби дағдыларын шыңдау бөлімшелер жұмысының тиімділігін арттырып, құқықтық тәртіп әскерлерінің қазіргі заманғы талаптарға сай дамуына жол ашады.
Айта кетейік, осы жылы Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша 2,3 мыңнан астам тапсырманы орындады. Патрульдік-бекеттік қызметті атқару барысында 13 мыңнан астам құқық бұзушы ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Оның ішінде 300 адам қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған.
Ұлттық ұлан бөлімшелері сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға дайындықтың жоғары деңгейін растай отырып, бес халықаралық саяси іс-шараның және шет мемлекеттер басшылары мен ресми делегациялардың он сегіз сапарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Президент Жолдауы жеке құрамға ел дамуының ортақ мақсаттары мен алдағы міндеттеріне назар аударуға мүмкіндік берді. Белгіленген басымдықтарды басшылыққа ала отырып, Ұлттық ұлан әскери қызметшілердің даярлығын және қызметті ұйымдастыру жүйесін жетілдіруді жалғастырады. Бұл ретте азаматтарды қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әскердің басты міндеті болып қала береді.