Көкшетауда Mercedes пен Kia автокөліктері соқтығысып, салдарынан жеңіл көлік арыққа аударылып кетті. Жол-көлік оқиғасынан үш адам зардап шеккен. Олардың екеуі кәмелетке толмаған балалар. Оқиға қаланың қауіпті қиылыстарының қауіпсіздігіне қатысты мәселені тағы да күн тәртібіне шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Қаладағы Қуанышев және Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысында 27 қазанда Mercedes пен Kia автокөліктері соқтығысқан. Көкшетау қалалық Полиция басқармасының мәліметінше, Mercedes жүргізушісі Қуанышев көшесімен қозғалып келе жатып, реттелмейтін қиылыста басып озу кезінде Kia көлігімен соқтығысқан. Соққының салдарынан Kia автокөлігі жол жиегіндегі арыққа аударылып кеткен.
Апат салдарынан Kia көлігінің жүргізушісі мен Mercedes автокөлігінде болған екі кәмелетке толмаған жолаушы түрлі дене жарақаттарын алған. Үшеуі де медициналық мекемеге жеткізілген.
Қазіргі уақытта зардап шеккендердің денсаулық жағдайы туралы қосымша ақпарат жарияланған жоқ.
Әлеуметтік желідегілердің айтуынша, аталған қиылыста бұған дейін де жол-көлік оқиғалары болған. Осыған байланысты олар жауапты органдардың назарын жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесіне аударуға шақырды. Расында да, реттелмейтін қиылыстарда жүргізушілердің әрбір әрекеті аса маңызды. Әсіресе, басып озу кезінде жол жағдайын дұрыс бағаламау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Ал мұндай аумақта апаттар қайталанып жатса, жол қозғалысын ұйымдастырудың жай-күйіне де назар аудару қажет.
– Қазіргі уақытта жол апатының мән-жайы анықталып жатыр. Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық жағдайын тексеруде, – деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Аталған қиылыста бұрын болған жол-көлік оқиғаларының саны, жол белгілерінің жеткіліктілігі және қосымша қауіпсіздік шараларының қажеттілігі жөнінде әзірге ресми мәлімет жоқ. Көкшетаудағы бұл оқиға жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтап, қиылыстардан өту кезінде ерекше сақ болу қажеттігін тағы бір рет еске салды. Өйткені жолдағы бір сәттік қателік бірнеше адамның өмірі мен денсаулығына әсер етуі мүмкін.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы