Енді әлеуметтік төлемдердің кейбір түрін алу кезінде отбасының табысы, мүлкі және жалпы тұрмыс жағдайы ескеріледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа талап республикалық бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 14-іне қатысты болады. Қалған 22 төлем бұрынғы тәртіппен тағайындалады. Жаңа жүйе бойынша отбасылар әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай бес санатқа бөлінеді. А және В санаттарына әл-ауқаты жоғары отбасылар жатқызылса, С, D және Е санаттары тұрмыстық жағдайы қанағаттанарлық немесе әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды қамтиды.
Негізгі өзгеріс – А және В санатындағы отбасылардың жекелеген жәрдемақыларды алу мүмкіндігі шектеледі. Ал қалған санаттағы азаматтар белгіленген талаптарға сай келсе, мемлекеттік қолдау алу құқығын сақтайды. Өзгерістер балалы отбасыларға, күтімге, асыраушысынан айырылуға және мүгедектікке байланысты төлемдердің кейбір түрлерін қамтиды. Дегенмен барлық жәрдемақы бірдей тоқтатылмайды.
Жәрдемақы тағайындау кезінде «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі пайдаланылады. Ол отбасы мүшелерінің табысын, жұмыспен қамтылуын, баспанасын, автокөлігін, кәсіпкерлік қызметін және басқа да көрсеткіштерін ескере отырып, әлеуметтік жағдайын бағалайды. Алайда азаматтың атында үй немесе көлік болуы оның автоматты түрде ауқатты санатқа жататынын білдірмейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың түсіндіруінше, жүйедегі деректер күн сайын жаңартылып, отбасылардың әл-ауқат санаты ай сайын қайта қаралады. Мәселен, отбасының табысы азайса немесе мүшелерінің бірі жұмысынан айырылса, әлеуметтік санаты өзгеруі мүмкін. Қазақстандықтар eGov порталы мен eGov Mobile қосымшасындағы арнайы калькулятор арқылы өз санатын алдын ала бағалай алады.
Министрліктің мәліметінше, өзгерістің мақсаты – мемлекеттік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау. Яғни, 2027 жылдан бастап жәрдемақы алу отбасының нақты тұрмыс жағдайына көбірек тәуелді болады. Бірақ бұл барлық қазақстандықтың әлеуметтік төлемі қысқарады деген сөз емес.