Ақмола облысында жол жұмысшыларын көлік қақты: ауруханада тағы бір адам көз жұмды

Жол-көлік оқиғасы 23 қазанда Астана – Атбасар – Жақсы автожолының 163-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Chery Arrizo 8 автокөлігінің жүргізушісі жолдың жүріс бөлігінде жұмыс істеп жүрген үш адамды қағып кеткен. Қайғылы оқиға кезінде бір жұмысшы сол жерде жан тапсырған.

Ақмола облысында жол бойында жұмыс істеп жүрген үш адамды көлік қағып, қайғылы оқиға екі бірдей адамның өмірін қиды. Астрахан ауданында жол бойында жатқан еліктің өлексесін жинап жүрген жұмысшыларды Chery Arrizo 8 автокөлігі соққан. Бірі оқиға орнында көз жұмса, екіншісі ауруханада жан тапсырды. Үшінші жұмысшы дәрігерлердің бақылауына алынған. Ең өкініштісі, қайғылы оқиға түнгі уақытта, жұмысшылардың жанында арнайы техника тұрған кезде болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Жол-көлік оқиғасы 23 қазанда Астана – Атбасар – Жақсы автожолының 163-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Chery Arrizo 8 автокөлігінің жүргізушісі жолдың жүріс бөлігінде жұмыс істеп жүрген үш адамды қағып кеткен. Қайғылы оқиға кезінде бір жұмысшы сол жерде жан тапсырған. Ауыр жарақат алған тағы екі адам ауруханаға жеткізілгенімен, олардың бірінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Үшінші зардап шегуші әлі де дәрігерлердің бақылауында.

Оқиғаға қатысты айтылған мәліметтер бойынша, түнгі уақытта жұмысшылар жол бойында өлі еліктің өлексесін жинап жатқан. Сол сәтте олардың жанында арнайы техника да тұрған. Жұмысшылардың айтуынша, қараңғы трассада арнайы техниканың болуы жүргізушіге жол бойында жұмыс жүріп жатқанын аңғартып, сақтық шараларын күшейтуге мүмкіндік беруі тиіс еді. Алайда полицияның бастапқы мәліметіне сәйкес, жол жұмысшыларының үстінде жарық шағылыстыратын арнайы кеудешелер болмаған. Бұл жайт та тергеу барысында оқиғаның мән-жайын анықтау кезінде ескерілмек.

Ақмола облысының Полиция департаменті екінші зардап шегушінің қайтыс болуына байланысты сарапшының қорытындысы алынғаннан кейін қылмыстық істі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы  4-бөлігі бойынша қайта саралау жоспарланып отырғанын хабарлады. Қазіргі уақытта жол апатының барлық мән-жайы тергеу аясында анықталып жатыр.

Бұл қайғылы оқиға түнгі уақытта республикалық маңызы бар жолдарда жұмыс істейтін мамандардың қауіпсіздігі мәселесін қайта көтерді. Жол үстіндегі бір сәттік оқыс жағдайдың өзі адам өміріне орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан жол бойындағы жұмыс кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау да, жүргізушілердің қараңғы уақытта барынша мұқият болуы да аса маңызды.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы