«Қазақстанда ашаршылық болады»: Көріпкел болашаққа қатысты болжам жасады

Ол бұл туралы журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында мәлімдеді.

Көріпкел Ақгүл Әсетқызы Қазақстанда алдағы уақытта ашаршылық болуы мүмкін екенін айтып, елді алаңдататын болжамын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол бұл туралы журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында мәлімдеді.

Ақгүл Әсетқызының айтуынша, ол бұған дейін де ашаршылық туралы әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Бірақ көпшіліктің жағымсыз пікірінен кейін жазбасын өшіріп тастаған.

«Қазақстанда ашаршылық келе жатыр. Бұл туралы жазбамды біраз уақыт бұрын шығарған болатынмын. Астына “Ұрпағыңмен қырылып қал”, “Жағыңа жылан жұмыртқаласын” деушілер көбейіп кетті де, ренжіп, өшіріп тастадым. Қандай ашаршылық келе жатыр? Өте ұқыпты, өте мұқият, өте әдемі, өте саналы түрде жасалған ашаршылық келе жатыр. Отызыншы жылдары болған ашаршылық бірден басталып кеткен жоқ. Оған 10-15 жыл дайындалды. Бізде де дәл сондай болады», – деді ол.

Көріпкел өзінің мұндай болжамдарға қалай келетінін де түсіндірді. Оның сөзінше, маңызды ақпаратты сезген кезде денсаулығы сыр беріп, кейде есінен танып қалатын көрінеді.

«Мен қатты талықсыдым. Күйеуім балалардың шашын қидыруға алып кеткенде, жалғыз үйде қалдым. Сол кезде оң жақтан талып қалу болды. Әсіресе үлкен ақпарат болса, оң жақтан талып қалу болады. Оң құлағым шыңылдап бастайды», – деді Ақгүл Әсетқызы.

Сұхбат барысында ол табиғи апаттарға қатысты да болжамын айтты. Атап айтқанда, Алматыда тағы жер сілкінісі болуы мүмкін екенін, сондай-ақ Ақтау мен Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне қатысты қауіп барын мәлімдеді.