Жібек Құламбаева әлемдік рейтингідегі жеке рекордын жаңартты

Матч барысында Құламбаева мен Хаверлаг екі эйс жасап, тоғыз брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды және барлық ұпайлардың 50 пайызын жеңіп алды.

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінің жұптық сайысында жартылай финалға жолдама алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сәтті өнер көрсетуінің арқасында отандасымыз мансабында алғаш рет жұптық сындағы әлемдік рейтингідегі үздік 100 теннисшісінің қатарына енді.

Ширек финалда Құламбаева нидерландтық теннисші Изабель Хаверлагпен бірге турнирдің бірінші нөмірімен тіркелген Мария Козырева мен ұлыбританиялық Майя Ламсденге қарсы ойнады.

1 сағат 23 минутқа созылған кездесу қазақстандық-нидерландтық жұптың 3:6, 6:3, 10:8 есебімен жеңіске жетуімен аяқталды.

Матч барысында Құламбаева мен Хаверлаг екі эйс жасап, тоғыз брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды және барлық ұпайлардың 50 пайызын жеңіп алды. Жартылай финалға жолдама тағдыры шешуші чемпиондық тай-брейкте анықталып, қазақстандық теннисші мен оның серіктесі қарсыластарынан басым түсті.

Жартылай финалға шығу Жібек Құламбаеваға кәсіби мансабындағы маңызды жетістікке қол жеткізуге мүмкіндік берді. WTA рейтингінің нақты уақыт режимінде жаңартылатын (live) нұсқасында қазақстандық теннисші жұптық сында 95-орынға көтеріліп, алғаш рет әлемнің үздік 100 теннисшісінің қатарына енді. Бұл көрсеткіш оның мансабындағы жаңа жеке рекорды болды.

ҚР Теннис федерациясы мәліметінше, енді Құламбаева мен Хаверлаг Гуанчжоудағы турнирдің финалына шығу үшін күресті жалғастырады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.