Жанарбек Әшімжан, Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі: Тарихи жауапкершілікті терең сезінуге үндейді

Елдің қуаты – экономика,бо­ла­­­шағы – білімді ұрпақ, ал табысы – адал еңбекте.

Мемлекет басшысының бұл жолғы Қазақстан халқына Жолдауы еліміздегі конституциялық реформалар мен саяси жаңғырулардан кейін жол­дануымен құнды екенін баса айту керек. 

Бұл Жолдау Қазақ елінің алдағы даму бағдарын айқындап, тарихи жауапкер­шілігімізді терең сезінуге үндейді. 

Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы қарсаңында жарияланған бұл Жолдаудың мәні ерекше. Себебі бүгінгі міндет – қол жеткізген жетістіктерді еселеу ғана емес, келер ұрпаққа технологиялық тұрғыдан дамыған, экономикасы қуатты, әлеуметтік мүмкіндіктері тең әрі заң үстемдігі орныққан мемлекетті аманаттау. 

Президент атап өткендей, күрделі гео­саяси жағдайда ел егемендігін нығай­тудың басты шарты – ішкі тұрақтылық, қоғамдық келісім және жүйелі еңбек. Бірлік пен тәртіп жоқ жерде тұрақты даму да болмайды. Сондықтан елдің болашағы әрбір азаматтың жауапкершілігіне, мем­лекеттік институттардың тиімділігіне және қоғамның ортақ мақсат жолында жұмыла білуіне байланысты болмақ.

Осы тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» жобасының маңызы зор. Инфра­құрылымды жаңғырту, шалғай елді мекендерде мектептер, меди­циналық, мәдениет және спорт нысандарын салу, жолдарды жөндеу, ауызсу мен газ жеткізу – халықтың тұрмыс сапасын арттыратын нақты қадамдар. Сонымен бірге бұл бастама жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына серпін беруге тиіс. Мемлекеттік қара­жаттың тиімді жұмсалуы, жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы – басты талап.

Экономикалық дербестікті нығайту үшін шикізатқа тәуелділіктен арылып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға, қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық беру қажет. Ауыл шаруашылығына жасанды интеллект пен су үнемдеу технологияларын енгізу, өнімді терең өңдеу және логистиканы жетілдіру де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл еңбеккерлерінің табысын арттыруға мүмкіндік береді. Ал әділ бәсеке мен кәсіпкерлікті қолдау инвес­тиция тартудың және эко­номиканы өркендетудің маңызды шарты болмақ.

Жасанды интеллект пен цифр­ландыру – елдің бәсекеге қабілеттілігін арт­тыратын негізгі құралдардың бірі. Озық технологияларды өндіріс пен мемлекеттік басқаруға енгізу еңбек өнімділігін артты­рып, шешім қабылдау сапасын жақсартады. Дегенмен технологиялық жаңғыру білім мен ғылымды дамытумен қатар жүруге тиіс. Білікті маман даярлау, адами капиталға инвестиция салу – болашақ табыстың берік негізі.

Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету де күн тәртібіндегі маңызды міндет. Ха­лықтың нақты табысын арттыру, инфляцияны тежеу, медициналық көмектің сапасын жақсарту, мұғалім мәртебесін қорғау және мұқтаж азаматтарға атаулы қолдау көрсету реформалардың негізгі нәтижесіне айналуы қажет. Бұл ретте мем­лекеттік басқаруды жетілдіру, бюро­кратияны қысқарту және заң талаптарын мүлтіксіз орындау айрықша маңызды.