Ерлан Қошанов, Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы: Қазақстан дамуының бағдарламалық пайымы

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады.

Биылғы Жолдаудың тарихи маңызы ерекше, өйткені бұл – еліміздің жаңа конституциялық жағ­дайындағы Қа­зақ­стан халқына арналған алғашқы Жол­дау.

Осы кезеңде аталған Жолдау биыл­ғы жылы орын алған, елдің одан әрі даму бағытын айқындаған аса маңызды әрі шын мәнінде тағдыр­шешті саяси оқиғалар тізбегін түйіндеді деуге бола­ды.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстан дамуы­ның жаңа кезеңіне ар­налған бағдарламалық пайымын, стра­­те­гиялық басымдықтары мен ұзақ­мерзімді бағдарларын ұсынды.

Бүгіннің өзінде Жолдаудың ел аза­маттары тарапы­нан зор қызығу­шылықпен қабылданғанын көріп отырмыз. Бұл да кездейсоқ емес.

Мұндай үрдіс жыл өткен сайын күшейіп келетінін айта кеткен жөн. 

Халық шынымен де осы маңызды саяси оқиғаны асыға күтетін, оның мән-­маңызын түсінетін және өз өмірін­дегі үміт-тілектерін онымен байланыс­тыратын болды.

Ал бұл – қоғамдық сананың қан­­шалықты өзгер­генінің басты көр­сеткіші әрі Президент жүзеге асы­рып жатқан ауқымды реформалардың тіке­лей нәти­жесі.

Сонымен қатар халықтың Жолдауға деген қызы­ғушылығы заңды құбылыс. Өйткені Мемлекет басшы­сының әр үндеуінің артында азаматтарға, олардың әл-ауқаты мен болашағына деген қам­қорлық тұр.

 Бүгінде адамдар бұл қамқорлықты нақты шешім­дерден көріп қана қой­май, мемлекеттік саясаттың өзе­гінде адам тұрғанын да сезінеді. Бұл – аса маңызды мәселе.

Оның үстіне, аталған қағидат елі­міздің жаңа Консти­туциясында да бекітілді. Басқаша айтқанда, бұл енді жай ғана маңызды саяси бағдар емес, еліміздің алдағы даму үдерісі негізделетін іргелі қағидатқа айналды.

Сонымен бірге Жолдауға деген қызы­ғу­шылық Қазақстан шек­арасынан да әлдеқайда асып түседі.

Бүгінде елімізде болып жатқан өзге­рістер оның ішкі дамуына ғана емес, экономикалық перспек­тиваларына, Орта­лық Азиядағы рөліне және халық­ара­лық аренадағы ұстанымына да ықпал етуде.

Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауларын шетелдік сарапшылар мен аналитиктер де барған сайын мұқият зерделей бастады.

Олар Жолдаулардан Қазақстанның қай бағытты таңдап отырғанын, ұзақмерзімді мақсаттарын, сондай-ақ ең бастысы, еліміздің әлемдік қоғамдастықта қандай орын алуды көздейтінін түсінуге мүмкіндік көреді.

Ал биылғы Жолдаудың логикасын және онда белгіленген бағдарлардың маңызын тереңірек түсіну үшін өткен жылдарға көз жүгірткен жөн.

Жолдауларды уақыт ағымындағы сабақтастық тұрғысы­нан қарастыратын болсақ, еліміздің алдында тұрған жалпы­ұлттық мақсаттардың бірізділігін айқын байқауға болады.

2022 жылы басты назар саяси жаң­ғыру мен консти­туциялық рефор­ма­ға аударылса, 2023 жылы жаңа экономи­­калық бағытқа көшу мәселесі күн тәртібіне шықты. Ал 2024 жылы заңдылық пен тәртіпті нығайту, эко­номикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелері басымдыққа ие болды.

Өткен жылы еліміз технологиялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берді.

Алғаш қарағанда, бұл тақырыптар бір-бірінен өзгеше көрінуі мүмкін. Алайда өткен жылдарға көз жүгіртіп, тұтас қарас­тыратын болсақ, әрбір Жолдаудың алдыңғысының заңды жалғасы екенін, ал онда қойылған міндеттердің елді жүйелі түрде жаң­ғыртудың біртұтас көрінісін қалып­тастыратынын аңғарамыз.

Ең маңыздысы – осы сабақтас­тықтың нақты нәтижелер арқылы расталып отыр­ғаны.

Жолдауларда белгіленген мін­дет­тер біртіндеп практика­лық ше­шім­дерге ұласып, жаңа заңдар мен кодекстерден, мемлекеттік бағдар­ламалардан, инфра­құрылымдық және инвестициялық жобалардан көрініс табуда.

Экономика саласындағы нәтиже­лер де ауыз тол­тырып айтарлық.

Соңғы жеті жылда Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) шамамен 53 пайызға өсіп, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 15 мың доллардан асты.

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауында атап өткендей, Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл еліміздің ЖІӨ көлемі 400 мил­лиард долларға жуықтап, жан басына шаққандағы ЖІӨ 19 мың доллардан асады.

Бұл көрсеткіштерді бұған де­йін жарияланған болжам­дармен салыстырсақ, олардың мәні тіпті айқындала түседі.

2024 жылғы қаңтарда Президент Egemen Qazaqstan газетіне берген дәстүрлі сұхбатында 

2028 жылға қарай Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 16,8 мың долларға жетеді деген болжамды келтірген болатын.

Яғни, бұған дейін 2028 жылға қарай қол жеткізу жоспарланған көрсеткішке енді 2026 жылдың өзінде-ақ жету болжанып отыр.

Бұл Қазақстанның белгіленген эко­номикалық межелерге жүйелі түрде жақындап қана қоймай, бол­жамды бағалаулар бойынша, бұрын межеленген мерзімдерден де озып келе жатқанын көрсетеді.

Алайда Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, экономикалық өсім өздігінен түпкі мақсат болып санал­майды. Ең бастысы – оның нәтижелері азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуі керек.

Бұл бағытта да айтарлықтай нә­тижелер бар. Соңғы жеті жылда әлеуметтік салаға 88 триллион теңге бағытталды. Бұл – білім беру, денсаулық сақтау және азаматтарды әлеуметтік қолдау салаларына салынған қаражат. Осы кезеңде елі­міз­де 1300-ден астам жаңа мектеп, 1483 бала­бақша және 1259 медициналық мекеме ашылды.

118 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 36 мың шақы­рымнан астам автомобиль жолы салынып, жөндеуден өтті.

Бұл сандар атқарылған жұмыстың ауқымын ғана емес, адамдардың күн­делікті өміріндегі нақты өзгерістерді де көрсетеді.

Биылғы Жолдау да бұрын белгі­ленген стра­тегиялық бағыттың сабақ­тастығын сақтайды. Алайда оның мәні кезекті бағдарламалық құжаттың аясынан әлдеқайда кең.

Негізінде, бұл – жаңа тарихи ке­зеңнің саяси формуласы.

Жолдаудың негізгі өзегінде бас­ты қағидат айқын көрініс табады – мемлекет ондаған жылдарға бағдар­ланып, 50-100 жыл алға көз жүгірте отырып ойлауы тиіс.

Президент ұстанымының айрықша көрегендігі де осында – бүгінгі міндет­тердің аясымен шектелмей, одан әріге көз жүгірту, бір сәттік нәтижелер мен қысқа мерзімді саяси ұпайларды емес, Қазақстанның ондаған жылдан кейін қандай елге айналатынын ойлау.

Сондықтан Жолдауда ұзақмерзімді перспективаға бағытталған жобаларға басымдық берілген. Соның ай­қын мы­салы – Мемлекет басшысының 2027 жылды Жалпы­халықтық ауқымды құрыл­ыс жылы деп жариялау жөніндегі бастамасы.

Әңгіме жолдарды жаңғырту, заман­ауи ауруханалар мен перинаталдық орталықтар, мектептер, әуежайлар, спорт және мәдениет нысандары мен тұрғын үй құрылысын жүргізу туралы болып отыр.

Сонымен қатар, бұл жобалар мульти­пликативті әсер береді. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, бизнестің жандануына ықпал етеді, сабақтас салалардың дамуына серпін беріп, ірі қалалармен қатар өңірлердің де өсіп-өркендеуіне негіз болатын өсу орталықтарына айналады.

Бұл жай ғана инфрақұрылымдық жобалар емес, еліміз­дің болашағына және келер ұрпақтың мүмкіндіктеріне са­лынған инвестиция.

Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің көлік-логис­тикалық әлеуетін дамы­ту мәселесін де қарастырған жөн. Әлем­дік тәжірибе бұл саладағы шешім­дер мем­лекеттің экономика­лық перспек­тива­ларын ұзақ жылдарға айқындай алатынын көрсетеді.

Еуразияның негізгі көлік бағыттары тоғысқан тұсында орналасқан Қазақ­стан үшін бұл бағыттың маңызы ай­рық­ша. Көлік дәліздері мен логис­ти­калық орталықтарды дамыту сау­да байланыстарын кеңейтуге, инвес­тициялар тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ғана емес, еліміздің әлемдік эко­номикадағы позициясын нығайтуға да мүмкіндік береді.

Мұндай шешімдерден Мемлекет басшысының ел болашағы алдындағы тарихи жауапкершілікті терең сезі­нетінін айқын аңғаруға болады.

Ең басты мақсат – келер ұрпаққа қуатты, өркен­деген, энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз, рухы мықты халқы бар мемлекет қалдыру.

Осы мақсаттың мәнін еліміздің жастары да түсініп, қолдайтыны ерекше қуантады. Олар Президент қабылдап жатқан шешімдерден өз болашағына деген қамқорлықты, өз күшіне деген сенімді және туған елінде өзін-өзі жүзеге асыруға берілген мүмкіндікті көреді.

Сондықтан да әлеуметтанулық зерттеулердің деректеріне сәйкес, жас­тардың Мемлекет басшысына деген сенім деңгейі тұрақты түрде 90,1 пайызды құрайды.

Сонымен қатар ел болашағына деген қамқорлық оның бүгінгі дамуына үлес қосып жүрген адамдарға көңіл бөлумен де тығыз байланысты. Жолдауда мұғалімдер мен медицина қызметкерлерін қолдауға ерекше орын берілді. Өйткені олардың еңбегі азаматтардың өмір сүру сапасы мен қоғамның әл-ауқатына тікелей әсер етеді.

Нақты шаралармен қатар, Пре­зидент Қазақстан дамуының басым бағыттарына қатысты ұзақ мерзімді пайым қалыптастыру міндетін де қойды.

Әңгіме еліміздің алдағы кезеңге арналған даму бағдарларын айқындауға және бүгінгі қабылданып жатқан ше­шім­дерді келесі онжылдықтардың мақсаттарымен сабақтастыруға мүмкіндік беретін құжат туралы болып отыр.

Сонымен қатар, алға қойылған мін­деттердің та­рихи ауқымы еліміздің болашағы үшін ортақ жауапкершілікті де талап ететінін түсінуіміз қажет.

Мемлекет басшысы атап өткендей, ұлт бірлігі – елі­міздің стратегиялық мақсат-мұраттарының та­бысты жүзеге асуының кепілі.

Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Кон­ституция ая­сында қалыптасқан және Әділетті, Қуатты, Таза, Про­грессивті әрі Өркендеген мемлекет құру жолында Президентке қосымша тірек болуға арналған институт – Халық Кеңесінің рөлі арта түседі.

Сондықтан Халық Кеңесінің мүше­лері де өз тарапынан азаматтар мен өңірлердің бастамаларын бірік­тіруге, сындарлы ұсыныстарды қол­дау­ға және бүкіл ел үшін маңызды мә­селелердің шешілуіне ықпал етуге бар күш-жігерін жұмсайды.