Әсет Наурызбаев, энергетика саласының сарапшысы: Күн мен желдің қуаты мол

Мемлекет бас­шысы айтқан энер­гетикалық тапшылықты жыл соңы­на қ­а­рай немесе келер жылдың басында жа­­­буымыз мүмкін.

Өйткені елдің оңтүс­ті­гінде көптеген газ станса­сы іске қо­сы­лып жа­тыр. Кейбірі кес­те­ден кеші­гіп келеді. Дегенмен келісім­шарттың орындалуына қарай іске қо­сы­лары сөз­сіз. 

Ол болмаған жағдайда алдағы үш жылда тапшылықты жоюдың жал­ғыз жолы өңірлерде көптеген күн және жел энергиясы стансасын салу ке­рек. Мұндай стансалар әртүрлі өңір­де орналасқаннан кейін бір-бірін толықтырып отырады. Ол банктегі де­позит сияқты, көп болған сайын әр­дайым қалдық қалып отырады.

Ал қазіргі қолданыстағы электро­стансаларды жаңғыртуға болады деген ой бар, егер онда жаңартатындай мүмкіндік болса. Мәселен, әйгілі Екібастұз ЖЭО-сы әбден ескіргендіктен, оны жаң­­ғыртудың мәні қалмады. Негізгі кри­терий – саға­тына қанша киловатт өндіретіндігінде. Егер жөндеп-жасқап болғаннан кейін өндірілетін киловатт қымбатқа түсетін бол­са, онда қажеті жоқ. 

Оның қасында күн электро­станса­лары жазда жақсы көмек берсе, жел элек­тростансалары жыл бойы өндіріп тұра ала­ды. Айта кетерлігі, электр энер­гиясы қыста жылыту маусымына байланысты ЖЭО-ларда көп өндіріле бастайды. Ол әлгі өндірісі азайған күн стан­саларының көрсеткішін толық­тырып отырады. 

Бізде ЖЭО-лардың өтпелі кезеңі – негізгі стратегиямыз болып қала береді. Өтпелі кезең деп отырғанымыз – қазба отын түрінен жаңартылатын энергия көздеріне ауысу. Қазақстан халықаралық міндеттемелерді мойнына алғаннан кейін Президент қол қойған құжат бойын­ша, 2060 жылға дейін ЖЭК-ке толық ауы­суымыз керек.

Енді бір 30 жылдан кейін элек­тр энергиясын сақтайтын арзан техно­логия­лар пайда болады. Жаздағы ыстықтың бәрі қыста электр энергия­сы мен жылу өндіруге жұмсала бастай­ды. Сайып келгенде ол уақытта энерге­тика­ның мүлде басқа кар­тинасын көреміз. 

Еліміздің территориясының жар­тысы – жазықты жер. Бұл күн және жел электр энергиясы стансаларын салуға өте жақсы мүмкіндік. Оның қасында атом электр стансаларының энергиясы тұтынушы үшін әлдеқайда қымбатқа түседі. Сондықтан оны дата-орталықтар пайдаланып, ал күн мен желдің электр қуатын қарапайым халық тұтынса, осы әлдеқайда әділетті болар еді.