Диляра Сейітнұрова, Qazaq Expert Club-тың құрылыс саласындағы сарапшысы: Құрылыс саласы ел экономикасын алға сүйрейді

Жолдауда Президент ел бойынша инфрақұрылым нысандарын ауқымды түрде салу және жөндеу жұмыстарын бастауды ұсынды. 2029 жылдың соңына дейін осы мақсаттарға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр. Басым бағыттардың қатарында автомобиль жолдары, әуежайлар, вокзалдар, медициналық мекемелер, спорт және мәдениет нысандары, сондай-ақ тұрғын үйлер бар.

Жоспардың ауқымы зор. Алайда оның құрылыс саласына қалай әсер ететінін түсіну үшін қандай нысандардың құрылысты бастауға дайын екенін және оларды қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз ету мүмкіндігін анықтау қажет.

Ауқымды бағдарлама жарияланған кезде назар әдетте бөлінетін қаржы көлеміне аударылады. Бірақ іс жүзінде құрылыс мерзімдері мердігерлер алаңға шықпай тұрып-ақ айқындала бастайды. Жобалау-сметалық құжаттама дайын ба, инженерлік желілердің иелерімен жұмыстар келісілген бе, жолды, коммуникацияларды және нысанның өзін кім, қандай ретпен салатыны белгілі ме – осының бәрі маң­ыз­ды.

Қаржыландырудың алдын ала болжамды болуы мердігерлерге техника мен материалдарды ертерек сатып алуға және жұмысшыларды жалдауды жоспар­лауға мүмкіндік береді. Алайда жобалар әлі де пысықтауды қажет етсе, қаржының өзі құрылыс қарқынын жеделдете алмайды.

2027 жылы қаржыландыру жоспар­ланған 272 жобаның 123-і – бұрын баста­лып, жалғасып жатқан жобалар. Ал қалған жобалар бойынша құжаттаманың және құрылыс алаңдарының дайындығын алдын ала тексеру ерекше маңызды.

Ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарын өндірушілердің үлесі 70%-дан асты. Құрылысқа жұмсалған әр теңгенің басым бөлігі ел ішінде айналымға түседі: цемент, инертті материалдар, арматура, құбырлар, тасымалдау, еңбекақы, салықтар, аудан орталықтарындағы бөл­шек сауда.

Тағы бір маңызды шарт – инженерлік желілердің жағдайы. Егер ескі тұрғын үй орамының маңында су, кәріз және электр желілерінің бос қуаты болмаса, ол жерде жаңа тұрғын үй салу әлдеқайда қиынға соғады. Сондықтан инженерлік желілерге салынған инвестиция екі түрлі нәтиже береді: қазіргі тұрғындар үшін коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттырады және аумақты одан әрі дамытуға мүмкіндік ашады.

Дәл осы себепті жаңа бағдарламаны тек игерілген қаражат көлемі мен басталған құрылыс нысандарының саны бойынша бағалау жеткіліксіз. Ең маңыздысы – қанша нысанның белгіленген мерзімде аяқталатыны, олардың қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілуі және бірнеше жылдан кейін де қалыпты жұмыс істеуі. Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың нақты пайдасы салынған инфрақұрылым адамдардың күнделікті мәселелерін шеше бастағанда көрінеді. Ол үшін әрбір нысанды инженерлік желі­лермен бірге жоспарлап, кейін оның күтіп-ұсталуына кім жауап беретінін алдын ала анықтау қажет.