Жамбылда коронавирус жұқтырған адам саны үшке жетті. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингтте облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов мәлім етті. – 27 наурыздағы жағдай бойынша Жамбыл облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар саны 3 адамға артты. Бұған дейін Шу ауданындағы бір тұрғыннан індет табылған болатын. Кешегі тәулік ішінде тағы 2 азаматтан коронавирус анықталып отыр. Олардың үшеуі де Қырғыз мемлекетінен келген. Алайда әрқайсысы әр күні, әр уақытта ел шекарасынан өткендіктен, бір-бірімен байланысы жоқ. Кейін тіркелген екі азамат – Қордай ауданының тұрғындары. 24 пен 46 жаста. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 22 наурыздағы №26 қаулысына сәйкес, дерт жұқтырғандардың барлығы дер кезінде карантинге алынып, олармен байланысқа түскен адамдар да оқшауланды. Қазіргі таңда коронавирус жұқтырғандардың барлығының жағдайы қалыпты. Барлық қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ анықталған науқастардың мекенжайы бойынша да дезинфекциялық өңдеу жұмыстары қолға алынды, – деді М.Жұманқұлов. Коронавирус індетінен елімізде бір азаматша көз жұмды деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей ескен болатын. Бүгін облыстық тауарлар мен көрсетілетін әртүрлі ақпарат қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті аталған жайтқа қатысты мән-жайдың анығын айтты. Марқұм карантинге алынғанға дейін 15-18 наурыз аралығында Шу мен Меркі аудандарында қонақта болған екен. Осыған орай, қазір науқаспен байланыста болған шулық 3, меркілік 6 азамат оқшауланып отыр. Аталған елді мекендерде сақтық шаралары мен тұрғындардың бір жерге шоғырланбауына қатысты бақылау жұмыстары күшейтілуде.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы