Отанға берік отбасы керек

Қазақстанда жастарды шаңырақ көтеруге дайындау және отбасы құндылықтарын нығайту мақсатында «Республика үшін 1000 берік отбасы» республикалық акциясы басталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік таратқан мәліметтерге қарағанда 26 қазан мен 2 қараша аралығында еліміздің барлық өңіріндегі Отбасын қолдау орталық­тарында некеге тұруды жоспарлап жүрген жұптар мен жас отбасыларға арналған оқыту сабақтары өтіп жатыр.  Бұл дәрістерге қатысып жатқан азаматтар алты бағыт бойынша білім алып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіреді. Олар: серіктестік пен жауапкершілік, репродуктивті денсаулық, құқықтық және қаржылық сауат­тылық, эмоциялық интеллект және ком­муни­кация.

Сабақтарға «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары, Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің өкілдері, тарихшылар және этнографтар да қатысады. Олар отбасындағы дәстүрлер, құндылықтар мен ұрпақтар сабақ­тастығы туралы әңгімелейді. Белгілі спортшылар, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері де өз тәжірибесін ортаға салады.

Акцияға қатысу үшін тұрғылықты жердегі Отбасын қолдау орталығына хабарласу қажет.

Бастама аясында кемінде 1 000 жұпты оқытумен қамту көзделген. Алдағы уақытта еліміздегі барлық Отбасын қолдау орталығында некеге дейінгі даярлық тұрақты түрде жүргізіледі.

Акция жастарға отбасын құруға саналы түрде дайындалып, шаңырақ көтерудің жауап­кершілігін түсінуге, құқықтық және қаржылық білімін толықтыруға мүмкіндік береді.