Астанада жаңа әуежайдың құрылысы 2027 жылы басталады

Премьер-министр келесі жылы барлық көлік өткізу бекеттерін салу және жаңғырту жұмысын аяқтауды тапсырды.

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Астанада екінші әуежай салуға кірісуді тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстанды Еуразиядағы ірі көлік-логистика торабына айналдыру үшін бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру қажет.

«Құрылыс маусымының басталуымен қолданыстағы «Көкшетау – Петропавл» күре жолын кеңейтуге және Астана қаласында екінші әуежай салуға кірісу қажет», – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр келесі жылы барлық көлік өткізу бекеттерін салу және жаңғырту жұмысын аяқтауды, «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосуды тапсырды.

«Бұдан бөлек, халықаралық жүк тасымалының көлемін арттыру үшін отандық жүк тасымалдаушыларды мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеу қажет. Көлік министрлігі жүк шоғырландыру және бөлу орталықтарын құруды ескере отырып, сервистік инфрақұрылымды дамыту жұмысын да күшейтуі тиіс», – деді ол.