Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында елдегі инфляцияны тежеу бойынша бірқатар тапсырма берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Осыған байланысты инфляцияны тежеу және одан әрі төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл үшін барлық мүмкіндік бар. Ол мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмыс істеуін талап етеді. Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, 20 қарашаға дейін инфляцияны төмендетуге және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған салық-бюджет және ақша-кредит саясатын үйлестіруді күшейту шараларын әзірлеуді тапсырамын", – деді Премьер-министр.
Әкімдіктерге азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігіне апта сайын мониторинг жүргізіп, тиісті ақпаратты Сауда министрлігіне ұсыну тапсырылды.
"Сауда министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің шекті мөлшерінің сақталуын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырамын. Сауда және Ауыл шаруашылығы министрліктері екі апта ішінде қысқы кезеңге жеткілікті азық-түлік қорын қалыптастырып, тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандырып, азық-түлікті тікелей жеткізу көлемін арттыруы қажет", – деді Бектенов.