Атыраудағы жарылыстан зардап шеккен азаматтың жағдайы ауыр

Ол облыстық ауруханаға жеткізілді. Науқастың жағдайы ауыр.

Бүгін, 29 қазан күні Атырау қаласындағы Авангард-2 ықшамауданында болған жарылыстан бір адам зардап шекті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол облыстық ауруханаға жеткізілді. Науқастың жағдайы ауыр.

Медициналық мекеменің мәліметінше, зардап шеккен азамат сағат 10:03-те аурухананың қабылдау бөліміне түскен. Қазіргі уақытта дәрігерлер оған барлық қажетті медициналық көмекті көрсетіп жатыр.

Еске салайық, жарылыс Sulpak ғимаратына жапсарлас салынған қазандықта болған. Оқиғадан кейін өрт тұтанған жоқ. Алайда жарылыс толқынынан жақын маңдағы көпқабатты тұрғын үйдің пәтерлеріндегі терезелер мен екі жеңіл автокөлік зақымданды.

Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жарылыстың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Атырау қаласының Авангард-2 ықшамауданында болған жарылыс салдарынан 19 пәтер мен екі жеңіл автокөлікке зиян келгені анықталды. Бұл туралы Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз-хатшысы Еркеназ Қалихан мәлімдеді.

Баян Жанұзақова