Ақмола облысында қайғылы жағдай: бір күнде екі адам қаза тапты

Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

Ақмола облысының Зеренді және Целиноград аудандарында екі адам көз жұмды, — деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиғалар өңірдің екі ауданында тіркелген.

— Алдын ала мәлімет бойынша, Зеренді ауданында дала жұмыстарын жүргізу кезінде Еленовка ауылының 46 жастағы тұрғыны қайтыс болған. Ал Целиноград ауданында Түркістан облысының 22 жастағы тұрғыны электр тогының соғуынан қаза тапты, — деп хабарлады ведомство.

Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Тергеу нәтижесінде заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шешімдер қабылданады.

Белгілі болғандай, Зеренді ауданында көз жұмған ер адам шөп тайлайтын престің механизміне қысылып қалған.