Грекия Қазақстанды Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылық орталығы деп санайды және еліміздегі өзгерістерді үлкен қызығушылықпен бақылап отыр. Бұл туралы Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулинмен кездесуі кезіне Грек Республикасының Қазақстандағы елшісі Адам-Георгиос Адамидис мәлім етті. Нұрлан Зайроллаұлы грек елі Қазақстанның Еуропадағы маңызды әріптесі екені атап өтті. Биыл өзара дипломатиялық қатынастың орнағанына 28 жыл толды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы мемлекетпен ынтымақтастықты нығайтуға зор көңіл бөлгенін еске сала келе, Н.Нығматулин қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің саяси бағытын одан ары жалғастырып жатқанына тоқталды. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, бүгінде мемлекеттер арасында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар белсенді дамып келеді. Алдағы уақытта, әсіресе туризм саласындағы әріптестік маңызды рөл атқарады. Мәжіліс төрағасы парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға айрықша көңіл бөлді. Заң шығару органдары арасында табысты ықпалдастық екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге ықпал етпек. Өз кезегінде елші мырза Грекияда Қазақстанды бейбітшіл және тұрақты мемлекет ретінде жоғары бағалайтынын, сонымен қатар еліміздің даму бағдарына ұдайы ынта-ықылас білдіретінін жеткізді. Адам-Георгиос Адамидис экономиканы әртараптандыру бағытында Грекия күн энергетикасы мен баламалы қуат көздері саласында өз тәжірибесін ұсынуға дайын екенін жеткізді. Жүздесушілер екі ел арасында парламентаралық іс-қимылдың әлеуеті мықты екенін тілге тиек ете отырып, парламенттердің бейінді комитеттері мен ынтымақтастық топтары арқылы өзара байланысты тереңдетудің маңыздылығына назар аударды. Елдос СЕНБАЙ