Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны төртеуге жетті. Ауырғандардың барлығы – «Минск–Нұр-Сұлтан» ұшағының жолаушылары. Бортында 67 адам болған халықаралық рейс 18 наурызда Үкіметтің шешімімен Қарағандыға шұғыл қондырылған еді. Қарағандыда коронавирус инфекциясы (COVID-19) тағы екі адамда расталды. Олар Франциядан «Минск – Нұр-Сұлтан» рейсімен 18 наурызда ұшып келген. Пациенттер бір-біріне жақын туыс. Оларда вирус зертханалық талдаулар арқылы 25 наурызда расталды. Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Осымен бұл рейспен ұшып келгендер арасында қауіпті дертке шалдыққандар саны төртке жетті. Жұқтырғандар қонғаннан кейін бірден карантинге жатқызылған.
– Рейстің қалған жолаушыларынан 26 наурыз күнгі талдау бойынша коронавирус белгілері табылмады. Ауырғандар Қарағанды облысының тұрғындары емес. Жұқтырғандар оқшауланған бокстарда, – деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.Теміртауда әкімшілік сот супермаркет әкімшісін 10 тәулікке қамады. Сауда орнында кассир келушілерге қолғапсыз қызмет көрсеткен. Сонымен қатар сатып алушылар арасындағы арақашықтық сақталмаған. Ал Қарқаралы ауданының тұрғыны 58 адамның қатысуымен мерекелік шара өткізгені үшін 5 тәулікке қамауға алынды. Сот оны Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша кінәлі деп тапты. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері Төтенше жағдай режимін бұзғандарға қатысты әкімшілік сотқа 80-нен астам іс тапсырды. Оның 28-і бойынша шешім шығарылды. 11 жағдайда әкімшілік қамауға алынып, 12 дерек бойынша айыппұл салынды. Тағы 54 іс алдағы уақытта қаралады.
– Барлық дәрігерлер Польшадан келген адамдарды бақылау үшін госпитальге өз еркімен келді. Бұл – біздің дәрігерлік парызымыз. Біз барлығының сау екенін білгенде, қатты қуандық, – дейді жалпы тәжірибе дәрігері Хайролла Ерғашев.Қарағанды облысының автомобиль жолдарында 6 санитарлық бекет жұмыс істейді. Санитарлық бекеттер ашылған сәттен бастап олар арқылы 26 700 көлік өтті. Байланыссыз термометрия 54 мыңнан астам адамға жасалды. Қызуы бар жолаушылар ауруханаға жатқызылды. Облыс аумағына кіретіндер сауалнама толтырды. Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілері теміржол және автовокзалдарға санитарлық өңдеу жұмыстарын бастап кетті. Зарарсыздандыру іс-шарасына жүзден астам әскери қызметкер қатысты. Жақын күндері олар мектеп, балабақша, медициналық мекемелер, сауда орталықтары, базарлар, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолдарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, гүлзарлар, саябақтар және т.б. аумақтарына дезинфекциялау жүргізеді.
– Әскери қызметкерлер жеке қорғаныс киімдерімен жұмыс істейді. Өңдеу үшін жуу құралдарын, «Рубеж» дезинфекциялық ерітіндісі бар жеке газсыздандыру жинақтарын пайдаланады. Ерітінді адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз және 5 сағатқа дейін әрекет етеді. Дезинфекциялау үшін қажетті реагенттер қорын АРС-14KZ автомобиль құю стансалары қамтамасыз етеді, – деді «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары Қанат Дайыров.Қарағанды облыстық мәслихатының кезектен тыс XXXVI сессиясы онлайн режимінде өтті. Жиналыстың дистанциялық форматын депутаттар елдегі төтенше жағдайға және бұқаралық іс-шараларға тыйым салуға байланысты таңдады. Сессия күн тәртібінде облыстық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесін қарады. Депутаттар бюджеттің шығыс бөлігін түзетулерді бекітті. Осындай қиын уақытта қазынадағы ақша шұғыл қажеттіліктерге бағытталмақ. Оған инфекциялық ауруханалар мен бөлімшелерге жеке қорғаныс құралдары мен медициналық жабдықтар сатып алынады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорын толықтыруға қосымша қаражат бөлінді. Сондай-ақ Төтенше және күтпеген жағдайларға арналған облыстық бюджеттің резерві ұлғайтылды. Бүгінгі күні карантинде 314 адам тәулік бойы бақылауда. Бұл 1А санатындағы елдерден оралған немесе шартты түрде жұқтырған адамдармен байланыста болған азаматтар. Тағы 152 адам үй жағдайында карантиннен өтуде. 9 000-нан астам нысанда санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтілді.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы