«Әділет» жастары еліміз бойынша есірткіні жарнамалайтын 2 мыңға жуық жазу мен суретті өшірді

Осы мақсатта «Әділет» партиясының Жастар қанаты еліміздің барлық өңірінде «Есірткіге жол жоқ» акциясын өткізді. Жастар есірткіні насихаттайтын 2 мыңға жуық жазу мен суретті өшірді.

Елімізде әлеуметтік желілер, мессенджерлер, QR-кодтар мен ғимарат қабырғаларындағы жазулар арқылы есірткі жарнамасының таралуына қарсы күрес жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Осы мақсатта «Әділет» партиясының Жастар қанаты еліміздің барлық өңірінде «Есірткіге жол жоқ» акциясын өткізді. Жастар есірткіні насихаттайтын 2 мыңға жуық жазу мен суретті өшірді.

Бастаманы жергілікті атқарушы органдардың, полиция мен прокуратураның өкілдері, қоғам белсенділері қолдады. Іс-шараға мыңға жуық жас қазақстандық қатысты. Негізгі мақсат – заңсыз жарнаманың жолын кесу, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғау.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаһандық сын-қатерлер күшейген тұста қоғамдағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын атап өткен еді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізі. Сондықтан заңды құрметтеу, азаматтық жауапкершілікті арттыру және құқықбұзушылықтарға төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – аса маңызды. «Есірткіге жол жоқ» акциясы өскелең ұрпақты осыған үндейді», – деді  партияның Жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов.

Акция аясында белсенділер мен еріктілер ғимарат қабырғасында, қоршауларда және басқа да қоғамдық орындарда орналасқан есірткі заттарын жарнамалайтын жазуларды өшірді. Сонымен қатар жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы ұйымдастырылып, есірткінің адам денсаулығына зияны мен салауатты өмір салтының маңызы түсіндірілді.

Мәселен, Қостанай қаласында «Әділет» жастары тұрғын үйлердің, гараждар мен қоршаулардың қабырғаларындағы есірткі жарнамаларын өшірді.

«Есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Біз есірткі жарнамасын жоюмен шектеліп қалмай, жастармен жүздесіп, ашық диалог алаңдарында есірткінің зиянын түсіндірдік. Барлығымыз бірлесе әрекет еткенде ғана келешек ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз», – деді   Қостанай облыстық Жастар қанаты филиалының төрағасы Аружан Сәрсенбаева.

Түркістан облысында да акцияға құқық қорғау органдарының өкілдері қолдау көрсетті. Түркістан облысы Полиция департаментіндегі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Марат Бимаханов есірткі бизнесіне қарсы күрестегі еріктілердің рөлін атап өтті.

«Еріктілердің көмегімен құқықбұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, жастардың құқықтық сауатын да арттыруға болады. Әрбір еріктінің еңбегі – есірткіге қарсы күреске қосылған маңызды үлес. Ақпараттық-түсіндіру жұмысы мен жастардың белсенділігі есірткіге қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алуға және оларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді», – деді ол.

«Әділет» жастары есірткі жарнамасын жоюмен қатар, жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп би чемпионаттары мен «Чемпиондық рух» жобасы аясында спорттық іс-шаралар ұйымдастырды.

Партия жастары қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және өскелең ұрпаққа қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмысты алдағы уақытта да жалғастырады.