Жастарға білім алу, кәсіппен айналысу, баспаналы болуға мүмкіндік көбейді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын талқылады.

«Ұлттық даму күн тәртібінде – жастар» тақырыбында өткен іс-шараға университеттің Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі Ақерке Искандерова мен Динара Наумова, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, кәсіпкер Данияр Тоқтарбаев және халықаралық қатынастар факультетінің студенттері, магистранттар, докторанттар қатысты.  

Жиынның ашылу салтанатында сөз алған университеттің Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстан экономикасының қарыштап дамуының нақты бағыт-бағдарын айқындайтын кешенді бағдарлама екенін атап өтті. 

«Биылғы жыл Қазақстанның тарихындағы ерекше маңызы бар жыл болды. Конституцияға енгізілген өзгерістер нәтижесінде, елімізде стратегиялық жоспарлар іске асып жатыр. Саяси реформалармен бірге тарихи сананы қалыптастыру процесі үздіксіз жүргізіліп жатыр. Жолдауда елді дамыту үшін бірлесіп іске асыруға тиіс мақсаттарды саралап берді. Біріншіден, тәуелсіз елге бұған дейін жеткен жетістіктерімізге тоқмейілсіп отыруға болмайды. Ары қарай жан-жақты дамуға қадам жасауымыз қажет. Екіншіден, алға қойған мақсатқа жету үшін береке-бірлігіміз мығым болуы керек. Үшіншіден, Жолдауда айтылған экономикалық саладағы логистика, салық, қарқынды құрылыс мәселесіне жете назар аударуымыз қажет. Мемлекет басшысы айтқан тапсырмалардың барлығы халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Төртіншіден, ел игілігі үшін жасалып жатқан реформалардың барлығы жастардың келешегі жарқын болуының ең басты алғышарты, түпнегізі болады, – деді Ерлан Сыдықов.    

Мемлекет тарапынан жастарды әлеуметтік қолдауға бағытталған бағдарламалар тұрақты іске асып келеді. Білім алу, кәсіп ашу, баспанамен қамту бағытында нақты жұмыс атқарылып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың айтуынша, жастарға жеңілдікпен баспана беру тетігі жүйелі іске асып келеді. 

«Қазіргі таңда жастардың жалпы саны – 5 890 000. Демек, халықтың үштен бір бөлігі жастар екенін ескерсек, іске асырылып жатқан реформалардың барлығы жастар үшін екені ақиқат. Мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі тұжырымдамада жастардың білім алуына, әлеуметтік тұрмысын жақсартуға барлық жағдай қарастырылған. Президент жүктеген міндеттерді іске асыру мақсатында, жастарды тек қана білім беру, жұмыспен қамтумен ғана шектелмей, кәсіпкерлікті дамытуына жағдай жасау қажет. Сонымен қатар тұрғын үймен қамту да өте маңызды. Әрбір жас үйлі болсам екен деп армандайды. Жастар баспаналы болуы үшін жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары қарастырылуда. Осындай бағдарламалардың нәтижесінде, 12 400 жас баспаналы болды. «Отбасы банк» салымшыларының 42 пайызы, яғни 283 мыңнан астамы жастар. Ауылды жерде жұмыс істейтін жастар үшін тұрғын үй сатып алу үшін берілетін несие көлемі 10 миллион теңге болып отыр. Сонымен қатар жастар үшін Астана қаласында «Жол тап», өңірлерде «Мүмкіндіктер алаңы», «Талаптан» жобалары жүзеге асырылуда. Жастарға осындай мүмкіндіктер ұсына отырып, олардың кәсіп ашуына, идеясын іске асыруға мүмкіндік жасап отырмыз», – деді Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.

Жастар саясатын жетілдіру, қоғамда  тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, қоғамдық бастамаларды қолдау, жас кәсіпкерлерді қолдау, кәсіби әлеуетін дамыту мәселесі де ұдайы басты назарда. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі Ақерке Искандерова  қоғамда азаматтық жауапкершілікті нығайту, елдің стратегиялық міндеттерін іске асыруда жастардың мемлекеттік институттармен және бизнеспен өзара іс-қимылын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын, оған жастар белсене араласуы керек екеніне тоқталды. 

«Цифрландыру процесінің қарқынды жүруі жастардың игілігі үшін тиімді мүмкіндік. Қазіргі күнде цифрландыру тетігін күннен-күнге жетілдіру жемісті нәтижесін беруде. Мәселен, жастар жобаларын іске асыру, байқауларға қатысу, тіпті "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығына ұсыныс беретін болса да онлайн платформаларды кез келген өңірде отырып қолдануға мүмкіндік жасалған. Әсіресе, аймақтағы жастар жобаларға құжат тапсыру Астанаға келіп, уақыт жоғалтпайды. Әр салада жастарға жұмыс істеймін, білікті маман атанамын десе барлық жағдай жасалып отыр. Жолдауда айтылған маңызды міндеттерді іске асыруда жастар да белсенді болады деп сенемін», – деді Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі Ақерке Искандерова.

Сарапшылар бас қосқан жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы тапсырмалар әрбір жастың азаматтық әлеуетін көрсетуге берілген мүмкіндік екені талқыланды.