Қазақстанда ата-ана баласының телефонын тексергені үшін жауапқа тартылуы мүмкін

Баласының кіммен сөйлесетінін, әлеуметтік желіде не жариялайтынын және қандай хабарламалар алатынын бақылағысы келетін ата-аналар аз емес.

Кейбірі баласының телефонын рұқсатсыз ашып, жеке хаттарын оқуды қалыпты жағдай деп есептейді. Бірақ Қазақстан заңнамасында кәмелетке толмаған балалардың да жеке өміріне қол сұғылмау құқығы қарастырылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қазақстан Конституциясының 21-бабына сәйкес, әр адамның жеке өміріне қол сұғылмау, жеке және отбасы құпиясын сақтау құқығына кепілдік беріледі. Бұл норма кәмелетке толмағандарға да қатысты. Атап айтқанда, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің және цифрлық байланыс құралдары арқылы берілетін хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады. Мұндай құқықтарды шектеуге заңда белгіленген жағдайларда және тиісті тәртіппен ғана жол беріледі.

Дегенмен ата-ананың баласының телефонын тексеруі барлық жағдайда заң бұзушылық болып есептелмейді. Өйткені ата-аналарға баласының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығын қорғау және тәрбиесіне жауап беру міндеті жүктелген. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 70-бабында ата-аналардың баланы тәрбиелеуге құқығы бар екені және осыған міндетті екені көрсетілген. Олар баласының өмірі мен қауіпсіздігіне, дене бітімі мен психикалық дамуына қажетті жағдай жасауға жауапты.

Мәселен, ата-ана баласының интернетте бейтаныс адамдармен сөйлесіп жүргенін байқаса немесе оның алаяқтардың, бопсалаушылардың ықпалына түсуінен қауіптенсе, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгілі бір бақылау шараларын қолдануы мүмкін. Бірақ мұндай әрекеттердің заңдылығы нақты жағдайға, бақылаудың мақсаты мен тәсіліне байланысты бағаланады.

Баласының жеке хаттарын оқыған ата-ана жауапқа тартыла ма?

Қазақстан заңнамасында ата-ананың кәмелетке толмаған баласының телефонын тексергені үшін міндетті түрде айыппұл салуды немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін жеке норма жоқ. Сондықтан телефонды тексеру фактісінің өзі ата-ананың заң бұзғанын білдірмейді. Дегенмен жеке мәліметтерді заңсыз жинау, пайдалану немесе тарату сияқты әрекеттер тиісті құқықтық жауапкершілік мәселесін туындатуы мүмкін.

Мұнда баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оның жеке өміріне араласудың арасындағы айырмашылық маңызды. Мысалы, ата-ананың баласына интернеттегі қауіп-қатерді түсіндіруі, жасына сәйкес шектеулер орнатуы және телефонды пайдалану тәртібін келісуі бір бөлек. Ал баланың жеке хаттарын өзге адамдарға тарату, жеке мәліметтерін жариялау немесе оларды қорқыту мақсатында пайдалану мүлде басқа құқықтық мәселелерді туындатады.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 67-бабында баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар екені көрсетілген. Ал 71-бапқа сәйкес, ата-аналар баласының заңды өкілдері болып саналады. Егер ата-ана мен баланың мүдделері арасында қайшылық туындаса, қорғаншылық немесе қамқоршылық органы баланың құқықтарын қорғау үшін арнайы өкіл тағайындай алады.

Осылайша, Қазақстанда ата-аналар баласының интернеттегі қауіпсіздігіне жауапты болғанымен, бұл міндет оның жеке өміріне қатысты құқықтарын толық жоққа шығармайды. Баланың телефонын тексеру мәселесінде оның жасы, қауіпсіздігіне төнген қатер және ата-ананың қолданған әрекеттері ескерілуге тиіс.