87 мыңнан астам адам қатысқан ауқымды зерттеу күндізгі жарық пен деменция қаупінің арасында байланыс бар екенін көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әсіресе, тәулігіне 42 минуттан аз уақыт ашық жарықта болатын адамдардың көрсеткіштері ғалымдардың назарын аударған.
Жуырда ғана ScienceDaily ғылыми ақпарат порталы жариялаған зерттеу нәтижелері General Psychiatry журналында жарық көрген. Қытайдың Гуанчжоу медицина университетінің ғалымдары бастаған зерттеушілер тобы күндізгі және түнгі жарықтың адам миына ықпалын анықтауға тырысқан.
Зерттеуге Ұлыбританияның UK Biobank медициналық дерекқорына тіркелген 87 577 адам қатысқан. Олардың орташа жасы 62-ден асқан. Қатысушылардың білегіне жарық деңгейін өлшейтін арнайы құрылғылар тағылып, бір апта бойы күндіз және түнде қаншалықты жарық ортада жүргені тіркелген. Кейін ғалымдар олардың денсаулығына қатысты медициналық мәліметтерді талдаған.
Бақылау кезеңінің орташа ұзақтығы 8,1 жылды құраған. Осы уақыт ішінде зерттеуге қатысқан 741 адамға деменция диагнозы қойылған.
Зерттеу нәтижесінде күндіз жарық деңгейі орта есеппен 1000 люкстен жоғары ортада болған адамдардың деменцияға шалдығу қаупі жарығы төмен ортада жүргендермен салыстырғанда 16 пайызға аз екені анықталған. Люкс – жарық мөлшерін өлшейтін бірлік. Мәселен, бұлтты күні даладағы жарық деңгейі 1000 люкстен асуы мүмкін, ал үй ішіндегі жасанды жарық көбіне бұдан әлдеқайда төмен болады.
Ғалымдар жарықтың қарқындылығымен қатар, адамның жарық ортада қанша уақыт өткізетінін де зерттеген. Нәтижесінде тәулігіне 5000 люкс және одан жоғары жарықта кемінде 42 минут болатын адамдарда деменция қаупінің төмендеуімен байланыс байқалған. Ал мұндай жарықта 42 минуттан аз уақыт өткізу деменция қаупін болжауда маңызды көрсеткіштердің бірі болған.
Зерттеушілер бұл көрсеткішті алкоголь тұтыну, семіздік, ауаның ластануы және есту қабілетінің нашарлауы сияқты белгілі қауіп факторларымен салыстырған. Нәтижесінде күндізгі жарықтың жеткіліксіздігі деменция қаупін болжау тұрғысынан алты дәстүрлі фактордан жоғары көрсеткішке ие болған.
Ғалымдардың пікірінше, күндізгі жарық адамның биологиялық сағатын реттеуге қатысады. Ағзадағы тәуліктік ырғақ ұйқы мен сергектік кезеңдерін, гормондардың бөлінуін және басқа да физиологиялық процестерді басқарады. Жарықтың жеткіліксіздігі осы жүйенің жұмысына ықпал етуі мүмкін.
Зерттеу барысында түнгі жарық деңгейі мен деменция қаупі арасында статистикалық тұрғыдан маңызды байланыс анықталмаған. Бұл ғалымдар үшін ерекше назар аударған нәтижелердің бірі болды.
Дегенмен зерттеу авторлары күндізгі жарық деменцияның алдын алатыны толық дәлелденбегенін ескертеді. Зерттеу екі көрсеткіштің арасындағы байланысты анықтағанымен, жарықтың аздығы аурудың тікелей себебі екенін көрсетпейді. Сондай-ақ қатысушылардың жарықта өткізген уақыты бастапқы кезеңде бір апта бойы өлшенгендіктен, олардың кейінгі жылдардағы күнделікті әдеттері толық қамтылмаған.
Ғалымдар алдағы уақытта күндізгі жарықтың ми қызметіне ықпалын тереңірек зерттеп, оның деменцияның алдын алудағы мүмкіндігін анықтауды жоспарлап отыр.