Рыбакинаның жетістігі Азия теннисі үшін тарихи оқиғаға айналды

Рыбакина — жыл қорытындысы бойынша әйелдер арасындағы жекелей рейтингіде көш бастайтын Азия елінің тұңғыш өкілі.

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2026 жылдың қорытындысы бойынша Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) жекелей сындағы рейтингінде бірінші орынды иеленетініне кепілдік берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Токиодағы WTA 500 турнирінің екінші айналымында Юлия Путинцеваны жеңгеннен кейін, ол маусым соңына дейін ең жақын қарсыластарына жеткізбейтін болды.

Рыбакина — жыл қорытындысы бойынша әйелдер арасындағы жекелей рейтингіде көш бастайтын Азия елінің тұңғыш өкілі. Осылайша, оның жетістігі Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Азия теннисі үшін тарихи оқиғаға айналды.

Елена маусымды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтайтынына қатысты әсерін бөлісіп, жанкүйерлеріне қолдауы үшін алғыс айтты.

«Жылды әлемдік рейтингінің бірінші сатысында аяқтайтыныма өте бақыттымын. Осы керемет жыл бойы маған қолдау көрсеткен баршаңызға рақмет. Келесі жылы да осындай жоғары деңгейде өнер көрсетуді жалғастыра аламын деп үміттенемін», — деді Рыбакина.

Маусымды бірінші орында аяқтау — әлемдік рейтингінің барлық көшбасшысына бірдей бұйырмаған жетістік. Жапониялық Наоми Осака WTA рейтингінде көш бастағанымен, жыл қорытындысы бойынша бірде-бір рет әлемнің бірінші ракеткасы атанбаған. Ресей атынан өнер көрсеткен Мария Шарапова мен Динара Сафина да мұндай нәтижеге қол жеткізбеген.

ҚР Теннис федерациясы мәліметінше, алдағы жарыстардағы өзінің де, ең жақын қарсыластарының да нәтижелеріне қарамастан, Рыбакина жыл соңына дейін әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесін сақтап қалады. Қазіргі таңда қазақстандық теннисшінің лайв-рейтингте 9501 ұпайы бар, ал екінші орында тұрған Арина Соболенконың еншісінде 7550 ұпай. Осылайша, Еленаның басымдығы 1951 ұпай болып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.