Қазақстан садақ атудан Иракта өткен Азия кубогын он медальмен аяқтады

Қазақстан аралас командалық бәсекеде де алтын жүлдегер атанды.

Ирактың Сүлеймания қаласында садақ атудан Азия кубогы аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Аталған жарыста ұлттық құрама он медаль жеңіп алды. Оның үшеуі алтын, бесеуі күміс және екеуі қола.

Блоктық садақ атудан жекелей сайыста Павел Кузнецов алтын жүлде алса, Никита Ивлев күміс медальға ие болды.

Әйелдер арасындағы жекелей бәсекеде Милана Бурлева екінші орын алды.

Классикалық садақ атудан әйелдер арасындағы жекелей сайыста Александра Землянова үздік үштікті түйіндеді.

ҚР ҰОК мәліметінше, ерлер құрамасы блоктық садақ атудан командалық бәсекеде топ жарды. Ұлттық құрама сапында Никита Ивлев, Павел Кузнецов және Ислам Серікұлы бақ сынады.

Ал әйелдер құрамасы күмістен алқа тақты. Милана Бурлева, Эльмира Раисова, Аяжан Жақсылық ел намысын қорғады.

Қазақстан аралас командалық бәсекеде де алтын жүлдегер атанды. Бұл сайыста Павел Кузнецов пен Эльмира Раисова өнер көрсетті.

Бұдан бөлек, ерлер құрамасы классикалық садақ атудан командалық жарыста екінші сатыға жайғасты. Бұл бәсекеде Иван Берча, Рахымжан Қамар және Санжар Ержанұлы бақ сынады. Назеркеш Әлібек, Ясмин Ғалиахмет және Александра Земляновадан құралған команда әйелдер арасында күміс алды.

Ал Иван Берча мен Александра Землянова аралас командалық жарыста жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.