Құдай сақтады

Бүгін интернет дей ме, сол кереметің аяқ астынан істемей қалды.

Үйдегі теріс қарап телефон шұқып отыратындардың беті бермен қарады. 

– Ойбай, ұлымыз ƏӘликон кәдімгідей ер жетіпті, – дейді əәйелім таңдайын қағып. 

Бір-бірімізге тура қарамағалы көп болды. 

– Сен жасарып кетіпсің, – дедім. Әйелім қуаныштан құлап қала жаздады. Жүгіріп барып айнаға қарады. 

– Үйге жөндеу жүргізу керек екен, – деп көзі қабырғадағы жыртық жапсырмаға енді түсті. Балалар бауырларын жаңа көргендей құшақтасып жатыр. Ұзақ жылдардан бері сөніп тұрған теледидар қосылып сайрап тұр. 

«Әлемде климат ауысып қиындық туды. Антарктида еріп жер бетінің суға кету қаупі бар. Еуропа қалалары нөсердің астында қалды. Адам шығыны көп» деп шетелдің арнасы қақсап жатыр. 

Әйелім жақтырмай, басқа арнаға ауыстырды.

«Жер планетасына бір үлкен меторид туралап ұшып келеді. Мұны əлемдік астрономдар бақылап отыр. Алайда салмағы 100 тоннаны құрайтын алып тас жерге құласа, нағыз катастрофа болмақ».

– Ту, басқа жаңалық қарайықшы, – деп біздің əйел келесі арнаны қосты. 

Ол мұндай жаңалықтарды жақтырмайды.

«Әлемдік кризис басталды. Осының əсерінен кейбір мемлекетті қайыршылық жайлады. Аштықтан адамдар түрлі ауруға шалдығып, эпидемия өршіп тұр. Мұның алдын алмаса, қымбатшылық өршиді. Қылмыс көбейеді» деп тағы бір шетелдің арнасы жақсылап айтып еді. Əйелім жынданып кете жаздады.

– Осылар-ақ ақырзаманды туғызады. Ылғи білгіштер...

Қабағы түйіліп, отандық арнаға бұрап жіберді.

«Қайырлы күн, құрметті телекөрермендер! Елімізде экономика давно дамып кетті. Көшеде жұмыссыз жүргендерді көрсек, көзіміз шықсын. Қылмыс құрықталды. Бұзақыларды елден қуып жібердік. Жемқорлар енді қаржы жемейді. Олар үйінде жатып алып нан жейді. Өндіріс орындары күнде ашылып жатыр. 

Келесі кезекте ауа райына тоқталайық. Ертең күн əдетінше нұрлы болады. Түстен кейін қар аралас жаңбыр жауып, көшедегі шаң-тозаң басылып қалады. Хабарымыздың соңында сіздердің назарларыңызға «Тойымыз тойға ұлассын» атты фильм-концертті ұсынамыз».

– Құдай сақтады. Қазақстанда туғаным қандай жақсы болды! – деп анасы балаларына мақтанды.

Менде ішімнен қуандым.

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН