Жан-жақтан жиналған мардымсынған жігіттер миықтарынан күліп, бірінің көлігін бірі көріп, қолдарын ысқылап тұрды. Езуіне шетелдік шылым қыстырған олар төңіректі көк түтінге бөледі. Бір тобы көлік салонынан белгісіз бір сусын алып шығып, талтайып ішіп тұрды. Әлден соң желіккендердің жетекшісі болса керек, біреуі ортаға шығып:
– Кеттік! – деп бұйрық берді.
Сол-сол-ақ екен, қалай болса солай ығы-жығы тұрған көліктерге жау қуғандай асығыс мінген жігіттер машиналарын тұрған орындарынан ышқындыра қозғап, соңдарына көк түтін қалдырып ызғыта жөнелді. Газды барынша қатты басқандары соншалық, даңғыл бойы азан-қазан болды. Жол жиегінде кетіп бара жатқандар кері шегініп, біреулері шалынып құлап жатты. Кешкі серуен рәсуа болды. Даңғұр-даңғұр дауыс құлақ тұндырды.
Шетелдік көлік мінгендер көкпарға түскен шабандоздардай даңғылды бойлап жүйткіп келеді. Бір-біріне сигнал беріп, бірінен-бірі басып озбақ болады. Мұндайда қарсы келе жатқан көлік иелері сасқалақтап, жол жиегіне барып тоқтап, алақтап не болғанын түсіне алмай тұр.
Автожарыс ұзап кетті. Кешкі серуенге шыққандар «Уф! Құтылдық па бәлелерден?» дегендей бір-біріне қарап, жайдарылана бергенде кері бұрылғандардың даңғыры келіп жетті. Серуендеушілер мен жолаушылар ығысып, жол босатты. Радиоларын барынша қатты қойып алған автожарысқа түскендер өліп-тірілгендерін түсінер емес, барынша жылдамдықпен заулап келеді. Япыр-ай, мына біреуі жолдан шығып кетер ме екен? Әй, мына біреуі адам қақпай тоқтамайды-ау шамасы! Кең жазира далада емес, қаланың қақ ортасында да адам деген машинаны осылай құйғытып айдайды ма екен? Жазым болса қайтеді? Біреуді қағып кетсе не болмақ?
Бірақ қызынып алған «көкпаршылар» ешнәрсені тыңдар емес. Қиқуға қиқу қосып, ызғытып барады. Көлікті игере алмай қала ма, әлде қасақана жасай ма, машиналар бір орнында шыр айналып, сырғып барып жол шетіндегі бордюрге барып ұрынып, қисалаңдап барып зорға тоқтайды. Тоқтаған бойда қайта түзеліп алып, қайтадан сырғыта жөнеледі. Бір орнынан жын қаққандай ышқына қозғалып, сайтан қуғандай безектей жөнеледі. Жер сызып ысқырғаны бар, матордың ышқынғаны бар, оған дыбыс күшейткіштің барынша қосылғаны бар, даңғыл даңғыл болудан қалды. Құдды бір шетелдің атыс-шабыс киносы ма дерсіз. Құлақ бітіп қалды. Осындай да азан-қазан болады екен-ау.
Көпқабатты үйлердің тұрғындары терезелерін жауып алды. Сегізінші қабатта тұратын бір тұрғын қылтимадан айқай салды.
– Тоқтатсаңдаршы! Неткен бейбастық бұл? Ұйқы бересіңдер ме, жоқ па?
Екінші қылтимадан да бір жартылай жалаңаш төбе көрсетті. Ол қолына ту ұстап алыпты. Сол туды әрі-бері бұлғайды.
– Оңбағандар! Тәрбие көрмегендер! Қоясыңдар ма, жоқ па? Қазір полиция шақырамын! – деп айқай салған оның дауысын ешкім естіген де жоқ.
– Ойбай, халқым! Ауа жоқ! Тұншығып өліп барамыз. Жедел жәрдем шақырыңдар! Жедел жәрдем деймін...
– Өлді! Өлді! Жедел жәрдем! Жедел жәрдем!
Бірақ көпқабатты үйлердің тұрғындарының айқайына құлақ асқан бір пенде табылмады. Полиция біткенді жер жұтып кеткен бе, біреуі келіп төбе көрсеткен жоқ. «Көкпаршылар» таң бозына дейін білгендерін жасап бақты. Сілікпелері шығып шаршады ма, әлде сабақтарына бара ма, кім білсін, көкпар сап тыйылыпты. Тек бір көлік қана даңғылдың қақ ортасында төрт аяғы төрт жақтан келіп, аударылып жатыр. Ішіндегі өлі ме, тірі ме, жан баласы білмейді. Жүргізушіні алып кетіпті. Еріккен жұртқа ермек керек, аударылған көлікке үңіле қарап, долбар жасап тұрған адам көп. Япыр-ай, жұмыстарына бармай ма екен?
«Көкпар» бірнеше күнге созылды. Тұрғындардан ұйқы қашты. Түн баласы ұйқы көрмегендіктен, алды жүйке ауруына ұшырай бастады. Ауруханаға жедел жәрдеммен түскендер қаншама?
Тұрғындар ақылдаса келе қала әкіміне, қалалық ішкі істер басқармасына, прокуратураға арыз жазды. Бірақ жуық маңда жауап бола қойған жоқ. Жұрт сарыла күтті. Бір хабар келсе, бұйырмасын. Күтуден жалыққан тұрғындар құзырлы органдарға лек-легімен бара бастады. Қанша барса да маңдайы тасқа соғылып қайтады.
Ақыры «көкпаршылардың» мұншалықты даңдайсынуының сыры ашылды. Зерттей келсе, сұрастыра келсе, олардың барлығы да әкімқаралардың, бай-бағыландардың, прокурор, полиция бастығының балалары болып шықты. Бұларға тыйым бола ма? Қайта қой деген сайын ерегісе, құтырына түспей ме? Қазір де олар ымырт түссе, кең даңғылға келіп, жарыс ұйымдастырады. Шаршап-шалдықса, қымбат мейрамханаларға кіріп, сауық-сайран құрады. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан да білгенін істейді.
Тентектерге тыйым болмайтынын білген соң тұрғындар басқа амал жасай бастады. Сондағы ойлап тапқандары пәтерлерін едел-жедел сатып, басқа шағын аудандарға көшіп кету еді. Амалдың жоғынан қымбат пәтерлерін өткеніне сата бастады. Арзан пәтер іздеп жүргендер әуелгіде қуанып қалғанымен, олар да қазір бармағын тістеп отыр.
– Тек кедей-кепшікке ғана жүретін мұндай заңы бар болсын! – деп зар қақсаған қала тұрғындары шеруге дайындалып жатқан көрінеді. Әй, қайдам, біразы сотталады-ау...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ