Конституция қоғам құндылықтарын айқындайды

Ақордада Ерлан Қариннің төрағалығымен ішкі саясат мәселелері жөнінде республикалық кеңес өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі құ­ры­лымдық бөлімшелерінің басшылары, Үкімет мүшелері, өңір әкімдерінің орынбасарлары және ішкі саясат басқармаларының басшылары қатысты.

Вице-президент идеологиялық күн тәр­тібін қалыптастыратын конституциялық құн­дылықтарға кеңінен тоқталды.

– Конституциямыз мемлекеттің құқық­тық негізін ғана емес, сонымен қатар қоғам­да­ғы іргелі құндылықтарды да айқындайды.  Осы­лайша, тарихымызда тұңғыш рет ел идеологиясының бағыт-бағдары нақтыла­нып, мазмұндық тұрғыдан толықты. Сондық­тан біздің ең басты міндетіміз – консти­туция­лық құндылықтарды түсіндіру және на­си­хаттау, – деді Ерлан Қарин.

Осы орайда Вице-Президент прог­рес­сив­ті конституциялық құндылықтарды одан әрі ілгерілетіп, қоғамдық санада орнықтыру қа­жет екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының саясаты Қа­зақ­станды одан әрі өркендетуге бағытталған. Елі­мізде елеулі өзгерістер болып жатыр. Қо­ғамдық өмірдің барлық саласы жаңғыруда. Сон­дықтан халық арасында еңбекқорлық, бі­лім, ғылым және прогресс секілді жасампаз құн­дылықтарды дәріптеу өте маңызды. Со­нымен қатар ескілікті, тоғышарлықты, ради­кализмді насихаттайтын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою керек. Көпшілік ортада ара­гідік ұшырасатын түрлі шектен тыс әре­кеттер мен мәдениетсіздікке адамдардың өзі қар­сы екенін көріп жүрміз. Бұл қоғам мә­де­ниеті мен құндылықтардың өзгере бас­та­ға­нын білдіреді. Демек, Президенттің прог­рес­сивті реформалары жұртшылық  тарапынан кеңі­нен қолдау тапты әрі бұл бұлжымас си­пат­қа ие болды, – деді Ерлан Қарин.

Вице-Президенттің пайымдауынша, ішкі сая­саттың басым бағытының бірі – Мем­ле­кет басшысының тапсырмалары мен бас­та­маларын сапалы іске асыру.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Мемлекеттік басқару жүйесін ре­формалаудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Цифрландыру мен жасанды ин­тел­лектіні қолдануға негізделген жаңа эко­номикаға сай мемлекеттік басқару моделін қалыптастыру қажет. Сондықтан мемлекеттің сервистік моделінің тетіктерін, атап айт­қан­да, халықпен кері байланыс орнатуға арнал­ған ақпараттық жүйелерді жетілдіру ісін же­дел­деткен жөн. Орталық мемлекеттік ор­ган­дар мен өңірлердің барлық байланыс ор­талықтарын бірыңғай цифрлық платфор­маға біріктіру маңызды міндетке айналып отыр, – деді Ерлан Қарин.

Кеңес барысында этносаралық және кон­фессияаралық келісімді нығайту, қоғам­дық бірлестіктермен және сарапшылармен ық­палдастық мәселелері, сондай-ақ мәдени-гу­манитарлық, ақпараттық, отбасы және жас­тар саясатындағы басымдықтар қаралды.

Жиын қорытындысы бойынша жауапты мем­лекеттік органдарға ішкі саясаттың негіз­гі бағыттарын жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.