Айдос Сарым, Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі: Байлықтың да әділетті өлшемі бар

Елімізде саяси реформалардың негізгі кезеңі аяқталып келеді. Ендігі міндет – мемлекеттік қызметтің сапасын, еңбек өнімділігі мен жұмыс тиімділігін артты­рып, халыққа нақты қызмет етуін қамтама­сыз ету. Алдағы бір жылда тиісті заңдарды уақытылы талқылап, қажетті нормаларды заңнамаға енгізу қажет.

Жолдауда геология, су және басқа салаларға қатысты ұзақмерзімді міндеттер қамтылған. Алайда бірқатар тапсырманың орындалуы кешеуілдеп келеді. Президент­тің инвестиция мәселесімен айналысатын бір ғана ұйымды қалдыру туралы ұсынысы маңызды. Шетелдік сапарларда миллиард­таған қаржыға келісімдер жасалғанымен, инвесторларға жер уақтылы берілмей, жұмыс жүргізуге жағдай жасалмайды.

Мектеп құрылысы қарқынды жүргені­мен, мерзімінде аяқталмаған нысандар бар. Салынуға тиіс 50 шекара бекетінің 20-сы ғана аяқталып, қалған 30-ы бойын­ша мәселе шешілмеген. Мерзімнің созы­луы құрылыс құнын өсіріп отыр. Дегенмен кешенді жұмыс пен экономиканың дамуы жоспарлардың жүзеге асып жатқанын көр­сетеді.

Ауқатты азаматтарға салынатын са­лықты әділеттілік, қоғамның көңіл күйі және байлыққа көзқарас тұрғысынан қарастырған жөн. Байлықты жағымсыз құбылыс деп қабылдамауымыз керек. Тарихта дәулетті азаматтар халыққа қиын кезеңдерден өтуге көмектескен. Бүгінде де олар салық төлейді. Сондықтан капитал мен инвестицияның елден кетпеуін қамтамасыз етіп, әділет қағидатын орнық­тыру қажет.

Салық заңнамасындағы өзгерістерді әзірлеу үшін Үкімет депутаттармен жұмыс тобын құрып, кәсіпкерлік қауымдастық­тармен және «Атамекен» палатасымен нақты ұсыныстарды талқылауы керек.

Байлықтың да әділетті өлшемі бар. Металл мен мұнай бағасының өзгеруіне байланысты компанияларға салынатын салықты талқылау арқылы шешуге болады. Бұл бюджетке қосымша қаражат түсіреді. Ауқатты азаматтардың әлеуметтік көмек­тің 14 түрінен өз еркімен бас тартуы да әді­лет қағидатына сәйкес келеді.

Ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі пісіп-жетілді. Депутаттар оны бірнеше рет көтерді. Бұл шешім миллиондаған адам­ның тұрмысына оң әсер етіп, экономикаға серпін береді. Жалақыны арттыруда баға деңгейі мен экономиканың өсуі ескерілген. Оның көтерілуі өзге жалақылардың өсуіне де ықпал етеді. Кәсіпорындардың бұған мүмкіндігі бар деп есептеймін.

Бизнеске қатысты үш жылдық мора­торий де маңызды. Цифрлық технология­лар мен камералдық бақылау көптеген мәселені кәсіпкерге бармай, өзін мемле­кеттік органға шақырмай шешуге мүмкін­дік береді. Ақша қозғалысы мен қаражат­тың жұмсалу бағыт­тары ақпараттық жүйелерде қамтылған. Мұндай жағдайда кәсіпкерді қайта-қайта шақырып, есебін түзетуді немесе қағаз құжат ұсынуды талап ету орынсыз. Бизнесті артық әуреге са­лудың қажеті жоқ.