Дидарбек Ділдәбек, Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі: Жастарға үлкен сенім артылды

Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында бүкіл қоғам, оның ішінде отаншыл, білімді, белсенді азаматтар еліміздің дамуы жолында қарқынды еңбек етуі керек екенін айтты.

Әсіресе жастардың үлесі басым мемлекет ретінде және Құрылтайдағы депутаттардың 45 пайызының жастар екенін ескеріп, Пре­зидент жүктеген міндеттердің орындалуында жастарға үлкен сенім артып отыр деп ой­лаймын. 

Жолдауда ауыл шаруашылығынан бастап, барлық салада инфрақұрылымды жаңарту, жаңғырту мәселесін басым бағыт ретінде атап өтті. Осы бағытта барлық салада цифрлық жүйені қалыптастыру және жасанды интеллектіні пайдалаудың тиімділігін арттыру туралы тапсырмалар берді. Сонымен қатар қазіргі ақпараттық технологияның тез дамуы жағдайында әркім қолындағы смартфонды уақыт өткізетін жай құрал ғана емес, оны күнделікті жұмыс құралына айналдыру мә­селе­сін алға тартып отыр.

Президент «Жастарымыз білімді әрі жа­сам­паз. Интернет қолжетімді. Озық цифрлық инфрақұрылым құрылды. Бүгінде кез келген азамат үйінен шықпай-ақ бірнеше минуттың ішінде банк есепшотын аша алады. Бөліп төлеуді рәсімдеп, тауар сатып алу үшін де сыртқа шығудың қажеті жоқ. Цифрлан­дырудың келесі кезеңінде қолжетімділікті қамтамасыз етуден мүмкіндіктер аясын кеңейтуге көшуіміз керек. Парадигманы өзгертіп, алдымызда тұрған міндеттерге мүлде басқа қырынан қарауға тиіспіз. Біздің мақ­сатымыз – шын мәнінде халықтық цифрлық экономика құру» деп атап өтті. 

Бұл – Жолдаудың жастарға бағытталған өзекті тұсы десек болады. Қазір жастарға жұмыс істеуге мүмкіндік көп. Еңбек етемін деп іздеген әрбір жас үшін қашықтан жұмыс істеуге, қалаған білімін алуға зор мүмкіндік бар. Сондықтан алдағы жаппай халықтық құрылыс жылы аясында жастарымыз қал-қадірінше өз үлестерін қосып, қай салада болмасын еңбекке араласуы керек деп ойлаймын.

Ал орта және шағын бизнестегі жастардың үлесі қандай дегенге келер болсақ, қазір бизнес жүргізуге мемлекет тарапынан бір­қатар қолдау шаралары қолға алынған. Мә­селен, бизнес ашуда көптеген грант, субсидия­лар және төмен пайызбен несие беру қарас­тырылған. Мемлекеттік тұрғыдан мұндай қар­жы­лық қолдаудың болуы жас кәсіпкер­лердің аймақтарда инновациялық стартап жобаларды, бағдарламаларды дамытуына қолайлы жол ашады.