Салалық комитеттерге жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жұмысын ұйымдастыру, «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға сот жүйесінің қызметіне қатысты түзетулердің уақытылы қабылдануын қамтамасыз ету, салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер пакеті бойынша ұсыныстар әзірлеу және басқа да міндеттер жүктелді.
Құрылтай Төрағасы Үкімет әзірлеп жатқан «Капитал нарығы туралы» заң жобасы сапалы әрі жан-жақты қаралуға тиіс екенін айтты. Республикалық бюджет жобасын қарау барысында ең төменгі жалақыны 110 000 теңгеге дейін арттыруға қатысты нормалар мен тиісті шығыстардың ескерілуіне назар аударылады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасы аясында инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамытуға да маңыз берілуге тиіс.
Сонымен қатар энергия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру және баламалы энергия көздерін дамытуға қатысты заң жобаларын қарауды жеделдету тапсырылды. 2027 жылғы қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі Үкіметпен бірлесіп пысықталады.
Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитеті ауылдық аумақтарды дамытуға, логистикалық инфрақұрылымдарды жетілдіруге және жолдардың сапасын арттыруға баса назар аударуы керек. Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті еліміздің цифрлық трансформациясын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруға тиіс. Ал Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетке Су кодексі нормаларының орындалу барысын зерделеу, суды үнемдейтін озық технологиялардың қолданылуын, агрохимиялық жаңашылдықтардың енгізілуі барысын пысықтау тапсырылды.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы барлық комитеттер мен фракциялар жұмысының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Олар ел дамуының басым бағыттары бойынша ұзақмерзімді стратегиялық құжат әзірлеуге бірлесе атсалысады.
Құрылтай жанындағы Қоғамдық палатаның алғашқы отырысы Президент Жолдауына арналып, стратегиялық басымдықтар сарапшылардың қатысуымен жан-жақты талқыланады.
Сондай-ақ 2 қарашадан бастап депутаттар ел аумағында Президент Жолдауын түсіндіру мақсатында өңірлерге сапарларға шығады.
Бюро отырысында алдағы Құрылтай отырысының күн тәртібі де айқындалды. Бірінші оқылымда Ветеринария мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы қаралады. Түзетулер мемлекеттік органдардың ветеринария саласындағы өкілеттіктерінің аражігін ажыратуға, ветеринариялық дәрігерлердің мәртебесін көтеруге және оларды әлеуметтік қолдауға бағытталған. Саланы цифрландыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұған қоса, ветеринариялық бақылау мен биологиялық қауіпсіздік талаптарын күшейту, ветеринариялық қызмет субъектілерінің жауапкершілігін арттыру шаралары да ұсынылады.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (Фискалдық басқару және қаржы секторы реформаларының бағдарламасы – 2-кіші бағдарлама) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарайды.
Бюро «Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аумақтарын дамыту туралы» заң жобасын жұмысқа қабылдап, құжат бойынша салалық комитеттің қорытынды әзірлеу мерзімін де белгіледі.