Мемлекет басшысының Жолдауында бизнесті қолдау, заңнаманы жетілдіру және Халықтық құрылыс бойынша нақты міндеттер белгіленді.
Басты бағыттардың бірі саналатын бизнеске 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылау ұсынылды. Экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту қажет. Сонымен қатар Салық кодексіндегі қайшылықтар мен артық жүктемені жою үшін нүктелі өзгерістер пакеті әзірленеді. Жаңа Азаматтық кодексті 2027 жылдың соңына дейін қабылдау ұсынылды. Ал Президент келесі жылды Халықтық құрылыс жылы деп атауды ұсынып, жобаға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінетіні туралы айтты. Аталған қаражат есебінен 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде 8 перинаталдық орталық және 7 көпбейінді балалар ауруханасы салынады. 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады. Көптеген елді мекенге газ және таза ауызсу тартылады. Сонымен қатар жобаларға жергілікті шағын және орта бизнес тартылады, ал Ұлттық қор арқылы импортты қаржыландыруға жол берілмейді.
Республикалық және жергілікті жолдың барлығы сапалы салынуы керек, барлық жолдармен Көлік министрлігі айналысатын болады. Битум мен қиыршық тастың сапасына сілтеме жасау қабылданбайды.
Жолдаудың басты бағыттарын атап айтар болсақ, әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен орта және ұзақмерзімді даму жоспары болуға тиіс. Қала инфрақұрылымының цифрлық сыңары әзірленеді. Көлік және логистика бойынша, Қытайдан Еуропаға жүк тасымалының шамамен 85 пайызы еліміз арқылы өтеді. 2027 жылы Бақты – Аягөз теміржолы іске қосылып, Қытаймен жүк өткізу мүмкіндігі 20 млн тоннаға артады. Арал – Каспий күре жолы Транскаспий дәлізін шамамен 1 мың шақырымға қысқартады. Көкшетау – Петропавл тасжолын кеңейту, 2027 жылы барлық автомобиль өткізу пункттерін қайта жаңартуды аяқтау міндеті қойылды. Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады, 2027 жылы Астанада жаңа әуежайдың құрылысы басталады. Көлік саласы толық цифрландырылуы тиіс. Энергетика бойынша, 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитіне қол жеткізу қажет. 2027 жылы Балқаш АЭС-інің құрылысын бастау, Мойынқұм АЭС-і бойынша келісім жасау және уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құру ұсынылды. Сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеп, инфляцияны тежеп, төмендетуі тиіс. Қаржыландыру бойынша, мемлекет қаражаты жеке инвестиция тартудың кепіліне айналуға тиіс. Банктер бизнесті инвестициялық несиелеуге белсенді қатысуы керек, Капитал нарығы туралы заң әзірленуде. Геология және металдар бойынша, геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту, айрықша маңызды металдардың қорын басқаратын ұлттық жүйе құру қажет. Үкімет жыл соңына дейін ұсыныс енгізуі тиіс. Ауыл шаруашылығы және су мәселесінде фермерлерге ұзақмерзімді инвестициялық қаржыландыру, отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін көбейту, өнімді терең өңдеу қажет. Су тарифі реформасы аяқталып, Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі құрылуы тиіс. Бизнесті қорғау бағытында бизнеске заңсыз кедергі жасау – мемлекетке қарсы қылмыс саналып, тең мүмкіндік пен әділ бәсеке қамтамасыз етілуі керек. Ірі байлық иелері үшін жоғарылатылған мөлшерлеме мәселесін Үкімет пен Құрылтай зерделейді. Салық әкімшілігінде жасанды интеллект қолданылады. Ивестиция тартуды бір орталықтан басқаратын жүйе керек.
Алатау қаласында сапалы сот жүйесі құрылады. Коммерциялық істерді ағылшын жалпы құқығы үлгісіндегі Инвестициялық сот қарайды, арнайы құқықтық режимге қатысты басқа мәселелер Азаматтық соттың құзыретіне кіреді. Үкімет 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін Құрылтайға «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізуі тиіс. Цифрлық экономика бойынша, жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимі қалыптастырылады. 2027 жылы ауыл өндірушілеріне арналған пилоттық жобалар іске қосылады.
Әлеуметтік саясат аясында мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуі тиіс. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеріледі, бұл 1,8 млн адамның табысына әсер етеді. Учаскелік қызмет мамандарының жалақысы 40 пайызға дейін артады. Білім беру бағытында инклюзивті білім беру инфрақұрылымы дамытылады. Мұғалімдердің артық жүктемесін азайтып, олардың абырой-беделін қорғау қажет. Мемлекеттік басқару саласында бір жыл ішінде ел дамуының ұзақ мерзімді басымдықтары туралы құжат әзірленеді. Президент Әкімшілігі 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспарын ұсынады, мемлекеттік қызметшілердің жаңа әдеп қағидаттары әзірленеді. Басты талап жұмсалған қаражаттың экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы керек.