Жұлдыз Данбаева, Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі: Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету – басым бағыт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің алдағы даму басым­дықтарын айқындап, маңызды міндеттер жүктеді.

Президенттің бұл Жолдауы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесі­нің тиімділігін көтеруге бағытталған. Әсіресе, денсаулық сақтау саласына қатысты бастама­лардың маңызы зор. 

Мемлекет басшысы өңірлерде жаңа медициналық нысандар салу, ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне басым­дық берді. Атап айтқанда, елімізде 8 пери­натал­дық орталық пен 7 балалар ауруханасын, сондай-ақ Астана қаласында 2 медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету саласында еңбек ететін 77 мыңнан астам медицина қызмет­керінің жалақысын еңбек өтіліне қарай 40%-ға дейін арттыру туралы бастама – медицина маман­дарының еңбегін бағалауға бағытталған маңызды қадам.

Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қатысты шешімдер де айрықша мәнге ие. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жала­қыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру – азаматтардың табысын арттыруға бағытталған нақты шаралардың бірі. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлеумет­тік көмектің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға берілуі қажеттігін атап өтті. Бұл – әлеуметтік әді­леттілікті қамтамасыз етудің және мем­лекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттырудың маңызды тетігі.

Президент инклюзивті білім беру инфра­құрылымын дамытуға да назар аударды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар­ға қолайлы жағдай жасап, олардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік беру – маңызды міндеттердің бірі.

Жолдаудағы тағы бір ауқымды бастама – 2027 жылды «Жаппай халықтық құрылыс жылы» деп жариялау туралы ұсыныс. Оның аясында еліміздің барлық өңірінде жолдар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысан­дарын салу мен жаңғырту көзделіп отыр. Бұл бастама өңірлердің дамуына серпін беріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Президент көтерген мәселенің бар­лығының түпкі мақсаты – әрбір қазақстандық­тың өмір сүру сапасын жақсарту, өңірлердің дамуына серпін беру және әділетті қоғам қа­лыптастыру.

Құрылтай депутаты ретінде Жолдауда белгіленген міндеттерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, әсіресе денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау саласындағы бастамалардың нақты іске асуына ықпал ету маңызды деп санаймын. Ең бастысы, қабылданған шешім­дер халықтың күнделікті өмірінде оң өзгеріс­терге ұласуы тиіс. Еліміздің тұрақты дамуы мен азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолындағы ортақ іске әрқайсысымыз жауап­кершілікпен атсалысуымыз қажет.