Азаматтық кодекс жөніндегі Президенттің бастамасы талқыланды

Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде «Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауы: цифрлық экономика тұрғысынан азаматтық заңнаманы жетілдіру және қайта қарау мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. «Әділет» партиясы мен Maqsut Narikbayev University бірлесіп ұйымдастырған алқалы жиынға Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров қатысты.

Отырыста комитет төрағасы Үнзила Шапақ бұл іс-шара Мем­лекет басшысының Жолдауында айтылған жаңа Азаматтық кодексті қабылдау қажеттігі туралы баста­масын іске асыруға бағытталғанын атап өтті. Ол қолданыстағы Аза­мат­тық кодекске қабылданған сәттен бері 150-ден астам өзгеріс пен толықтыру енгізілгенін айтты. Құжатта заманауи шарттық инс­ти­туттардың жоқтығы Қазақстанның шетелдік әріптестер үшін инвес­тициялық тартымдылығын төмен­детеді. Ал цифрлық активтер мен смарт-келісімшарттарды реттейтін нормалардың болмауы IT-сектор мен инновациялық экономиканың дамуын тежейді.

– Жаңа Азаматтық кодексті қа­былдау – елдің құқықтық еге­мен­дігін нығайту, Қазақстан Рес­пуб­ликасының тұрақты экономи­калық өсуін және құқықтық жаң­ғыртылуын қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық қадам. Президент Құрылтай депутат­тарының алдына Үкіметпен бір­лесіп құжатты әзірлеуге кірісу және оны келесі жылдың соңына дейін қабылдау туралы нақты міндет қойды. Бұл жұмыс заңнама бойынша сарапшылар қауым­дас­тығымен бірге барлық тараптың бірлесіп әрекет етуін талап етеді, – деді Үнзила Шапақ. 

Вице-спикер Нұрлан Бекна­заров өз сөзінде дөңгелек үстел Құрыл­тай Төрағасы Айбек Дәде­бай­дың тапсырмасы бойынша ұйымдастырылғанын атап өтті. Ол 1995 жылы қолданысқа енгізілген Азаматтық кодекс Қазақстанның азаматтық заңнамасының берік негізіне айналғанын еске салды. Алайда уақыт талабына орай, оны жетілдіру қажеттілігі әлдеқашан жеткен болатын.

– Мемлекет басшысы өз Жол­дауында болашақтың эконо­ми­ка­сына байыппен көшудің құқықтық негізіне айналатын жаңа Азамат­тық кодекс қабылдау қажеттігін атап өтті. Электрондық мәмілелер, цифрлық активтер, платформалық экономика, жасанды интеллект технологиялары және деректер айналымы дәстүрлі азаматтық құ­қық институттарына жаңа талап­тар қойып отыр. Бұл ретте жаңа құқықтық реттеу эконо­миканың дамуына кедергі келтірмеуге, керісінше, инновациялар мен кәсіп­керлік бастамалар үшін қо­лайлы жағдай жасауға, азаматтық айналымның құқықтық сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ет­уге тиіс, – деді Нұрлан Бек­назаров. 

Вице-спикердің айтуынша, дөңгелек үстел мемлекеттік орган­дардың, ғылыми және сарапта­малық қоғамдастықтың пікірлерін тоғыстыратын маңызды кәсіби алаң болып отыр. 

«Әділет» партиясы төраға­сының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов жаңа Азаматтық кодекс пен қолданыстағы заңдардың келі­сілуін қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды. Оның пікірінше, әзір­леушілер нормалардың екіұшты болмауы үшін заңды тұлғалар, кор­поративтік қатынастар, мұра­герлік және зияткерлік меншік мәселелерін реттеудің бірыңғай терминологиясы мен құқықтық тәсілдерін қалыптастыруы қажет.

– Бұл ретте «Заң және тәртіп» қағидатын да ескеру керек. Цифр­лық экономиканың дамуы заңды­лықты нығайтумен, азаматтардың құқықтарын қорғаумен және цифр­лық ортадағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қамтамасыз етумен қатар жүруге тиіс. Біз жаңа тех­нологиялардың ұйымдар, цифр­л­ық платформалар немесе автоматтандырылған жүйелер алдында заңды түрде осал болып қалуына жол бермеуіміз керек, – деді Нұрсұлтан Байтілесов.

Сондай-ақ Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасы Тал­ғат Нәрікбаев, Әділет вице-ми­нис­трі Ботагөз Жақселекова, «Әділет» партиясының «Әділетті Орта» үйлес­­тіру-талдау орталығының жет­ек­шісі Абзал Құспан баяндама жасады.

Дөңгелек үстел барысында депут­аттардың, шақырылған заң­герлер мен сарапшылардың қаты­суымен тақырыптық пікірталас өтті. 

Комитет төрағасы Үнзила Шапақ жиынды қорытындылай келе, барлық қатысушыға мазмұн­ды баяндамалары мен жан-жақты сындарлы талқылауы үшін алғы­сын білдірді. Ол айтылған барлық ескерту мен ұсыныстар Азаматтық кодекс жобасын әзірлеу кезінде ескерілетінін атап өтті.