Табиғатты қорлағандар жауапқа тартылды

Абай облысы үшін экология мәселесінің маңызы айрықша. Өңірдің өндір­істік әлеуеті эконо­ми­­каға серпін беріп отырғанымен, өндіріс көлемінің артуы табиғи ортаға түсетін жүктемені де көбейтеді. Сондықтан кәсіпорындардың эколо­гиялық жауапкершілігі, қалдықтарды басқару мәдениеті және мемле­кеттік бақылаудың тиім­ділігі – күн тәртібінен түспеуге тиіс мәселелер.

Облыс бойынша Экология департаментінің биылғы тоғыз айда атқарған жұмыстары осы бағыттағы ахуалдың күрделі тұс­тарын аңғартады. Департаменттің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі есепті кезеңде 36 тексеру іс-шарасын өткізген. Оның 15-і жоспардан тыс тексеру болса, 10-ы субъектілер мен объектілерге қатысты профилактикалық бақы­лау, тағы 11-і талаптарға сәйкес­тікті тексеру болған. Нәти­жесінде, экологиялық заңнама талапта­рының 83 бұзушылығы анықта­лып, оларды жою жөнінде 31 нұсқама берілген. Оның 24-і орындалған. Қалған жеті нұсқа­маның орындау мерзімі әлі аяқ­тал­ған жоқ.

– Бақылау шараларының нә­тижесінде экологиялық заңнама талаптарының сақталуына қатыс­ты бірқатар бұзушылық анықтал­ды. Оларды жою үшін тиісті нұс­қамалар беріліп, олардың орын­дал­уы бақылауға алынды, – дейді Абай облысы бойынша Экология департаменті басшысының орын­басары Оралхан Әуезбеков.

Әкімшілік жауапкершілікке қатысты көрсеткіштер де назар аудартады. Есепті кезеңде әкім­ші­лік құқықбұзушылықтар бойын­ша 97 іс қозғалған. Оның 12-сі бойынша ескерту түріндегі жаза қолданылса, 85 іс бойынша жалпы сомасы 601 миллион 410 мың 811 тең­ге айыппұл салынған. Соны­мен бірге 76 іс бойынша жалпы сомасы 56 миллион 971 мың 161 теңге әкімшілік айыппұл мемлекет кірісіне ерікті түрде толық өнді­рілген. Бұл цифрлардың әрқайсы­сының артында белгілі бір құ­қық­бұзушылық пен оны жоюға ба­ғыт­талған талап тұр. Бірақ эколо­гиялық бақылаудың нәтижесін тек қозғалған істердің немесе сал­ын­ған айыппұлдың сомасымен өлшеу жеткіліксіз.

Өңірдегі ірі кәсіпорындарға жүргізілген тексерулер эколо­гия­лық талаптардың сақталуына қа­тысты бірқатар мәселені анық­таған. Мәселен, «Қаражыра» АҚ кен орнында 2026 жылғы 28 сәуір мен 21 мамыр аралығында жүр­гізілген тексеру кезінде қалдық­тар­­ды арнайы белгіленбеген орын­­дарға орналастыру, эколо­гия­лық рұқсат талаптарын орын­дамау, сарқынды сулар бойынша эмиссия нормативтерін асыру және өндіріс­тік жабдықтардың жобалық құжат­тамаға сәйкес келмеуі анықталған. Осы құқық­бұзушылықтар үшін кәсіпорынға 23 миллион 122 мың 953 теңге айыппұл салынған. Та­лапты еле­мей, бірнеше миллион айыппұл арқалаған бұндай кәсіп­орындар бір емес, бірнеше. 

Экологиялық ахуалды жақсар­тудағы тағы бір маңызды бағыт – заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ геопорталының деректеріне сәй­кес, 2026 жылы Абай облысында 137 заңсыз қоқыс орны анық­тал­ған. Ресми мәлімет бойынша, олар­дың барлығы жойылып, көр­сет­кіш 100 пайызға жеткен. Бұл – назар аударуға тұрарлық нәтиже.

Заңсыз қалдық орындары мә­се­лесі облыстың маманданды­рылған табиғат қорғау прокурату­ра­сының да назарында болған. Ұсын­ымды қарау барысында заң­бұзушылықтарға жол бергені үшін 13 лауазымды тұлғаға қатыс­ты әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 2 миллион 811 мың 250 тең­ге айыппұл салынған. Соны­мен бірге анықталған заңбұзушы­лықтарды жою жөнінде жеке ұс­ыну берілген. Оған қоса, Төтенше жағдайлар департаментінен түс­кен материалдар негізінде рұқсат етілмеген қоқыс орындарының өртену фактілері бойынша 18 әкімшілік іс қозғалып, 1 миллион 492 мың 124 теңге айыппұл салын­ған. Қоқысты кез келген жерге төгу де, оны рұқсатсыз өртеу де қоршаған ортаға қауіп төндіреді. 

Өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуда көгалдандырудың да орны бөлек. Облыстың өңірлік жоспарына сәйкес, биыл 67 мың ағаш көшетін отырғызу көзделген. Қазір оның 64 мың 318-і отырғыз­ылып, жоспар шамамен 96 пайыз­ға орындалған. Бұдан бөлек, облыс аумағында қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін бірінші са­наттағы 61 кәсіпорын және екін­ші санаттағы 189 кәсіпорын жұмыс істейді. Ұсынылған деректерге сәйкес, 2026 жылдың бірінші жар­тыжылдығында облыс бойын­ша атмосфералық ауаға шығарыл­ған ластаушы заттардың нақты кө­ле­мі 20,980 мың тоннаны құраған. 

Табиғаттың тағдыры бүгінгі ұрпақтың қолында. Сондықтан оған қамқорлық жасау – науқан­дық міндет емес, үздіксіз жауап­кер­шілік. Ал экологиялық заң талап­тарын сақтау – таңдау емес, баршаға ортақ міндет. Өйткені табиғатқа жасалған әрбір қиянат­тың өтеуі бар, ал бүгінгі жауапкер­шіліктің жемісін ертеңгі ұрпақ көреді.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы